Моңғолия жерінде өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатының соңғы сайыс күнінде ел қоржынына алтын медаль түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кеше кешқұрым аяқталды жарыс. Бозкілем бәсекесінің әдемі нүктесін 125 келіге дейінгі салмақтағы отандасымыз Әлишер Ерғали қоя ма деген сенім болды. Дегенмен салмағы қарсыластарынан әлдеқайда аз палуан шешуші сында ирандық спортшыға есе жіберіп, тұғырдың екінші сатысына жайғасты. Ал оның алдында 92 келіге дейінгі салмақтағы Әділет Дауланбаев қола медаль үшін өткен белдесуде жапон спортшысынан жеңісті соңғы сәттерде жұлып әкетті. Жеңіс уыстан сусып шықты-ау дегенде Дауланбаев қарсыласына қарсы әдіс қолданып, таза жеңіске қол жеткізді. Ендігі жауапты сәттердің бірі – 86 келіге дейінгі салмақтағы финал. Улан-Батор бозкілемінде семейлік Азамат Дәулетбеков пен үндіс елінің үздігі Дипак Пуния жолықты. Рохтак қаласының тумасы Әлем чемпионатының күмісін иеленіп, Токиодағы Олимпиада ойындарында қола медаль үшін күрескен біршама тәжірибелі спортшы. Оның да көкейде жүрген бір арманы Азия чемпионатының алтыны еді. Дәл осы жүлде жерлесімізге де қажет-тін. Дипак басында шапшаң қимылдап, әне-міне дегенше аяққа өтіп кететіндей көрінді. Жиырма екі-ақ жаста, дер шағында деуге болады. Жерлесіміз қорғаныста өзіндік тәсіл қолданып, барлығын бақылауға ала білді. Екі, бір ұпайлап жүріп есепті 6:1-ге жеткізді. Соңғы секундтарда Пуния Азаматтың аяғына өтуге асықты, алайда шығысқазақстандық спортшы еш мүмкіндік бермей есепті ұстап қалды. Сөйтіп, құрлықтық жарыстың екі рет қоласын иеленген жерлесіміз Моңғолия жерінде алтын медальді мойынға тақты.
Айта кетерлік жайт, семейлік еркін күрес шебері барлық белдесуін қосқанда 27:1 есебін тіркеп, анық басымдық танытты! Ал командалық есепте, Ұлттық құрама спортшылары Иран мен Үндістанды алға жіберіп, үшінші орыннан көрінді.