Азамат Дәулетбеков Хорватиядағы турнирдің күміс жүлдегері атанды

446
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Жерлесіміз Grand Prix Zagreb Open әлемдік рейтингілік жарысында тұғыр биігінен көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әлем чемпионатының қоласын, Азия чемпионатында екі мәрте алтынын, Париж Олимпиадасының жолдамасын қоржынға салған палуан алғашқы айналымда-ақ мықты қарсыласқа тап болды. Үндістанның үздігі Дипак Пуниямен жолығып, ұпай санымен басым түсті. Пуния 2019 жылы елордада өтен жаһандық сайыста күміс медаль иеленгін-тін.

Сонымен Дәулетбеков 1/16 финалда үнді спортшысын 6:2 есебімен, 1/8 финалда Украинадан келген Валентин Бабилды 11:0, ширек финалда Грузияның намысын арқалаған Евсем Швелидзені 10:0 есебімен қапы қалдырды.

Жартылай финалда да айқын басымдық танытты. Израильдің мықтысы Матт Файнсилверді 10:0 есебімен тізе бүктіріп, финалда Болгарияның атынан шыққан дағыстандық Магомед Рамазановпен күш сынасты. Рамазанов 2019 жылы Әлем кубогінде топ жарған болатын. Белдесу басында семейлік спортшы ұпайлар алғанымен, кейінірек қарсылас қарқын қосты. Қорытындысында, Азамат 5:8 есебімен жол беріп, Загреб төрінде күміс медальға ие болды.

Айта кетерлік жайт, жерлесіміз белдескен 86 келіге дейінгі салмақта бәсекелестік айтарлықтай күшейген. Осы салмақтың өзінде 10-ға тарта дағыстандық спортшы өзге елдің намысын қорғап келеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосурет ашық дереккөзден