86 және 125 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жүрген жерлестеріміз Азамат Даулетбеков пен Олег Болтин қазан айында Норвегия жерінде өтетін Әлем чемпионатында бозкілемге беттейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кезекті Олимпиада ойындары тарих қойнауына кетіп, семейлік палуанның салмағында үздіктердің есімі белгілі болды. Лицензиялық турнирдегі сәтсіздік Дәулетбековтың төртжылдықтың басты додасына жолын бөгегенімен, жаһандық аламандар өз жалғасын таба бермек. Бапкерлер семейлік еркін күрес шеберіне сенімін жоғалтаған. Не дегенмен елімізде өз салмағының көшбасшысы. Қазір дер шағында. Бабы келіссе әлемдік аламандар әлі талай қатысады деуге үміт мол. Олег Болтин соңғы Азия чемпионатында ешкімге дес бермеді.
Ендігі меже – Осло шаһарындағы Әлем чемпионаты. Оған баратын Ұлттық құрама мүшелері де анықталып қойған. Жас ерекшеліктеріне зер салсақ, көпшілігі ересектер сапына өткендеріне бірнеше жыл болған тәжірибелі палуандар. Айталық, Мейрамбек Қартбай, Әділ Оспанов, Адлан Асқаров, Сырбаз Талғат және тағысын тағы. Бапкерлер Токиодағы додадан соң жерлесіміздің (Азамат Дәулетбеков) бабын байқауды жөн көрген екен. Айтпақшы, қазір осы салмақта америкалық Дэвид Тэйлордың айдарынан жел есіп тұр. Ирандық Яздани да бабын жоғалтпаған, Жапониядағы бәсекеде күміске қол созды. Ресейден Найфонов жүлдегерлер үштігін тәмамдаса, енді бұлардың қатарына семейлік спортшының қосылу мүмкіндігі жоқ емес. Жарақаттар кедергі болмаса игі.
Жаһандық жарыс қазан айының 2-10 күндері өтпек. Еркін күрес парақшаларының бірінде Норвегия астанасына жол тартатын 10 палуанның есімі жарияланыпты:
1.Мейрамбек Қартбай (57 келі)
2.Адлан Асқаров (61 келі)
3.Әділ Оспанов (65 келі)
4.Сырбаз Талғат (70 келі)
5.Нұрғожа Қайпанов (74 келі)
6. Болат Сақаев (79 келі)
7. Азамат Дәулетбеков (86 келі)
8. Әділет Дауланбаев (92 келі)
9. Әлішер Ерғали (97 келі)
10. Олег Болтин (125 келі)