Азаматтарға арналған үкімет халыққа алаяқтықтың жаңа түрлері жөнінде ескертеді

377
көрілім
Фотосурет liter.kz сайтынан

 «Азаматтарға арналған үкімет» ҚЕ АҚ МК» ШҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір әлеуметтік желілерде қазақстандықтарға жеке мәліметтерді сұрату арқылы электронды цифрлық қолтаңбаны алуға көмектесу ұсынылуда. Азаматтарға арналған үкімет барша тұрғындарды мұндай қызметтерге жүгінбей, олардан бас тартуын сұрайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, жеке мәліметтерін, соның ішінде ЭЦҚ-ны бөтен адамдарға беру арқылы азаматтар өздері жеке деректері мен мүліктеріне қауіп төндіретінін түсінуі керек. Оның үстіне, аталған төлем азаматтардың шотынан өздерінің «қолғабыс етуімен» ұрлануы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, электрондық цифрлық қолтаңба мен оның құпиясөзін алған алаяқтар азаматтың egov.kz-тегі барлық жеке мәліметіне қол жеткізе алады. Оған қоса, олар жалған келісімдер жасасу үшін оның атына кәсіпкерлік ашып, баспанасына бейтаныс тұлғаларды тіркеп, тіптен көлігін өзге адамның атына шығара алады. Банк картасынынң ПИН-кодын  алғаннан кейін алаяқтар ондағы барлық қаражатты шешіп алуы мүмкін.
Азаматтарға арналған үкімет өңірдегі барлық тұрғындардың онлайн түрдегі мемлекеттік қызметтердің барлық мәселесі бойынша,  соның ішінде ЭЦҚ мен жаңа әлеуметтік төлем түрі бойынша ақысыз түрде және еш қауіпсіз 1414 бірыңғай байланыс орталығынан көмек ала алатындығын хабарлайды. Қоңырау шалу тегін. Қазіргі уақытта оның жұмысына халыққа қызмет көрсету орталықтарының 1800-ден астам қызметкері тартылған.
 – Facebook әлеуметтік желісінде «eGov помощь» тобы құрылды, онда қарапайым желі қолданушылары, IT-мамандар және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерінен тұратын бірқатар ерікті жиналды, – дейді баспасөз қызметіндегілер. –  Олардың барлығы  egov.kz порталының белсенді қолданушылары, олар мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алады және елімізде орын алған қиын сәтте өзге азаматтарға электрондық үкімет порталын пайдалануды үйретуге дайын. Сондай-ақ еріктілер азаматтардан еш жеке деректерін талап етпейді, тек сұрақтарына жауап беріп, пайдалы кеңестер беру арқылы мемлекеттік қызметті алуға көмектеседі.
Сондай-ақ егер азаматтар жасалған ескертулерге қарамастан ақылы түрде күмәнді «көмекшілердің» қызметтерін пайдаланып үлгерсе және жеке мәліметтерін берсе, Азаматтарға арналған үкімет оларға ЭЦҚ-ның құпиясөзін pki.gov.kz-тегі жеке кабинеті арқылы өзгертуді немесе кілттердің күшін жоюды ұсынатынын айта кетейік.