«Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Меруерт Тарыбаеваның айтуынша, ЖШС ашу үшін жаңа бастаған кәсіпкерге жарғы қажет емес. Тіркеу жарнасын төлеудің немесе салық басқармасына барудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде заңды тұлғаларды тіркеу саласында мемлекеттік корпорация көрсететін мемлекеттік қызметтерден заңды тұлғаларды тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін (шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін) есептік тіркеу бойынша «электрондық үкімет» веб-порталында (адами фактордың қатысуынсыз) толтырылатын электрондық хабарлама беру арқылы толық автоматтандырылған.
Мамандар айтуынша, ЖШС ашу үшін тек компьютер мен электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
- ЖШС тіркеу egov.kz сайтында нұсқауларды орындасаңыз, 30 минуттан аз уақыт кетеді. Осылайша, шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға құрылтайшы (құрылтайшылар) ҚР ӘМ белгілеген нысан бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама береді. Электрондық хабарлама «электрондық үкімет» веб-порталында толтырылады және беріледі. Бұл ретте шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкілдіктерінің жарғылары (ережелері) мемлекеттік тіркеу процесінде ұсынылмайды, - делінген мәліметте.
Тиісті өрістерді толтырғаннан кейін жүйе барлық деректердің дұрыстығын тексеруді сұрайды. Егер бәрі дұрыс болса, жүйе ақпаратты өңдейді және ЖШС тіркеу туралы анықтаманы 30 минуттан кейін береді.