Шығыс Қазақстан өнер музейінде «Алтын Орданың 750 жылдығы», ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күніне арналған «Тарих жебесі» атты онлайн көрме ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көрменің шымылдығы Қазақстан Суретшілер одағының белді мүшесі Есенғали Садырбаевтың «Алтын қорушы сақтар», «Жібек жолы» топтамасынан «Шебер ұста», «Таразға келген керуен» туындылары мен жергілікті бейнелеу өнерінің қас шебері Н.П. Аштеманың «Сақ падишасы–Томирис», «Жамұқаның бас тартуы» сынды тарихи туындыларымен түрілді.
- Біздің көздеген нысанамыз «Тарих жебесі» көрмесі арқылы бабаларымыздың өткен өнегелі жолын жастарға сурет арқылы ұлықтау. «Тарих жебесі» атты көрме Тәуелсіз Қазақстанның алтын табалдырығы – Сақ дәуірі мен Алтын орда мемлекеті және Қазақ хандығынан хабар беріп, алты әлемге танылған азат елдің айбынды сәттерінен сыр шертеді. Көрменің жастарға берер тағлымы мол, - дейді Өнер музейінің қызметкері Есенбол Нақтыбай.
Көрмеге 33 туынды қойылды. Есенғали Садырбаевтың туындыларынан Ұлы Жібек жолы дәуіріндегі Тараз көпестерінің ежелгі қаласын көрсек, Николай Аштеманың «Жамұқадан бас тарту» картинасынан Шыңғыс ханмен өзара қарым-қатынасын түсінуге тырысамыз. Марат Смайылов, Ғабдулмади Меркасимов, Евгений Сидоркин жасаған қазақ батырларының бейнелері ерлікті дәріптейді. Өскемендік графикші Эдуард Чубук кеңес заманында "Алаш" қозғалысының қайраткерлерінің портреттері арқылы тәуелсіздікке жетудің ауыр жолдарын аңғартады. Көрмеде Николай Аштема орындаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің портретін, сондай-ақ, Сембіғали Смағұлов пен Маржан Бақытбекованың "Желтоқсан" және Мейіржан Нұрғожиннің «Астана. Бәйтерек» туындылары азаттықтың айбынын арттырады.
Елі мен жерін қорғап, салт-дәстүр мен дала заңдарын берік ұстаған көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін суреттеген Қ. Қадырбековтың «Шыңғысхан», С. Маханбетовтың «Әл-Фараби», Е. Сидоркиннің «Алпамыс батыр», М. Смаиловтың «Батыр», Ғ. Меркасимовтың «Кабанбай батыр», Т. Әбуовтың «Сырмақпен натюморт», Қ. Нұрсадықовтың «Жырау», В. Ляпуновтың «Бұхара-Самарханд» картиналары көпшілік назарын өзіне аударары сөзсіз. Ал Кеңес дәуіріндегі "Алаш" қозғалысының қайраткерлерінің портреттері арқылы тәуелсіздікке жетудің ауыр жолдарын аңғартатын Э. Чубуктің «Абай мен Пушкин», «Шәкәрімнің портреті», «Маяковский мен Сейфуллин» картиналары қазақ зиялыларын дәріптесе, Н. П. Аштеманың «Уақыт желі» (Н. Назарбаевтың портреті) портреті мен С. Маханбетовтың «Шуақты күн» кескіндемесі бейбіт елдің берекесін суреттейді.
Сонымен қатар Мәлік Мұхановтың шеберханасында жасалған бейнелеу өнерінің озық үлгісі Б. Досжановтың «Жауынгер» және «Жекпе-жек» атты екі гобелені көрмеге өзгеше рең береді.
Таунар ҚАЙРАТ