Өскемен қаласы Комсомол көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққан. Қызыл жалын бірінші қабаттағы пәтерге жайылғанда, үй ішінде болған бойжеткен есінен танып қалады. Осы кезде сол маңнан табылған Ұлттық Ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлім сарбаздары жедел әрекет етіп, ұстараның ұшында қалған қызды құтқарып үлгереді.
Шілде айының 15-і күні Ұлттық Ұлан сарбаздары Әли Сағатбек, Бекболат Итекбаев пен Айтуар Хамитұлы облыс орталығындағы Комсомол көшесінде рейдте жүрген. Сағат 17.40-шамасында олардың қасына жүгіріп келген ер адам «23-ші үйдің бірінші қабатында өрт шықты. Көмектесіңдер!» деп дабыл қағады. Лезде көмекке ұмтылған сарбаздар тілсіз жау туралы хабарды кезекші патрульдік топтың басшысына хабарлаған.
– Оқиға орнына келіп жеткен гвардияшылар терезе арқылы пәтерге кіріп, ес түссіз жатқан бойжеткенді көреді. Басқа бөлмелерде ешкім болмаған. Қызды сыртқа шығарған сарбаздар оған алғашқы медициналық көмек көрсетті, – дейді Ұлттық Ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді.
Көпқабатты тұрғын үйдің пәтерінен шыққан қызыл жалын өрт сөндірушілер келіп жеткенше әскери бөлім сарбаздарының күшімен сөндірілді. Соңынан анықталғандай, өрт электр пешіне қойылған тамақты ұмытып кетудің салдарынан шыққан.
– Біздің орнымызда болса әрбір сарбаз осылай істер еді, – дейді Әли Сағатбек, – Ешқандай қорқыныш болған жоқ, тек дер кезінде көмекке үлгеру керек деген міндетті сезіндік.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ