Өскеменде Шығыс аймақтық аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы өзенге батып кете жаздаған ер адамды құтқарды.
Сақтық шараларын ескермеген жігіт суға түсу үшін Октябрь жағалауына келіп, Ертіс өзеніне сүңгіп кеткен. Арада біраз уақыт өткен соң ол жағалауға дейін жүзіп жете алмайтынын түсінген. Понтон көпірінен өтіп бара жатқан ер адам жағаға жете алмай жүрген адамды байқап, 112-ге қоңырау шалады
– Шығыс аймақтық аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы ер адамды жағаға шығарып, жылы киімдер берді, – деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
ТЖД өкілдері ер адам жағаға қайта оралғанда, киімдері мен ұялы телефонының жоғалып кеткенін байқаған. Сондықтан құтқарушылар ер адамды үйіне дейін жеткізіп салды. Ауа райының құбылмалы екендігіне қарамастан суға түскен ер адам ішімдік ішкен көрінеді.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ