БАҚ өкілдері бас қосты: Алматыда түркітілдес журналистердің медиа форумы өтті

686
көрілім

Халықаралық Түркітілдес журналистер қорының мұрындық болуымен Қазақстанның әр бұрышындағы журналистердің басы Алматыда қосылды. Тек Қазақстан емес, Түркия, Бельгия, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі БАҚ басшыларының да ару қалаға табаны тиді. 3 күнге созылған медиа форумда қамтылған тақырыптар ауқымды, қаузалған мәселелер өзекті.

Шетелдік меймандардың арасында Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия аймағындағы Мәдениет және туризм кеңесшісі Алпарслан Акынджы, журналист Ахмет Түзүн, Бельгиядан brukselturk.be сайтының Бас редакторы Юсуф Джинал, Өзбекстан Парламентінің «Халқ Сузи»-«Народное слово» газетінің жауапты хатшысы Нурлан Усманов, Қырғызстандағы Элтр телеарнасының сарапшысы Сайрагүл Полотова болды. 2 желтоқсан күні жиналғандар Алматының қарағанда көз құмарын қандыратын көрікті жерлерін аралап, Шымбұлақ пен Медеуге барды. Әріптестермен жақынырақ танысып, тәжірибе алмасты. Ал келесі күні семинар басталды. Қамтылған тақырыптар: «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Журналистикадағы жасанды интеллект», «Соғыс, зорлық-зомбылық, табиғи апаттар құрбандарынан сұхбат алу». Журналистердің көбін жасанды интеллект қызықтырды. Олар заманауи технологияның тілін меңгеріп, жұмыста қалай қолдануға болатынын түсінді.

– Осы шараның мақсаты – түркітілдес БАҚ-тардың байланысын күшейту, тілшілердің біліктілігін арттыру. Бельгиядан келген Юсуф Джиналмен келісімге келдік. Енді қор ел журналистерін тек Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстанға ғана апармай, Еуропаға да баруға жағдай жасайды. Бұл келесі жылдан бастап қолға алынбақ. 2024 жылы Түркітілдес журналистер қорының 10 жылдығын атап өтеміз, – деді қор президенті Нәзия Жоямергенқызы.

Форумның үшінші күнінде шетелден келген БАҚ өкілдері баяндама жасады. Алпарслан Акынджы «Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері» тақырыбын алыпты. Юсуф Джинал да сөз сөйлеп, түркітілдес елдердің президенттері секілді, журналистер де бірлесе әрекет етуі керектігін айтты. Сайрагүл Полотова «Орталық Азия мен Түркиядағы медианың ақпараттық интеграциясы», Нурлан Усманов «Журналистік әдеп және әлеуметтік жауапкершілік» тақырыптарында баяндама жасады.

– Әлемде 300 млн түрік бар. Барлық салада бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Түрлі ортақ жобаларды қолға алайық, – деді Ахмет Түзүн.

Одан кейін Қазақстандағы БАҚ өкілдері де баяндамалар жасады. Атап айтқанда, «Медиа этика», «Контентті монетизациялау: модельдер, платформалар, стратегиялар», «Телеарнадағы сапалы виедоконтент» сынды тақырыптар қамтылды. Форум соңында білімдерін арттырып, біліктіліктерін шыңдаған журналистерге сертификаттар табысталды.