Бала құқығы бұзылған жағдай туралы хабар бермеген әлеуметтік қызметкерлер мен дәрігерлер жауапқа тартылуы мүмкін

415
көрілім

Қазақстан парламентінің мәжіліс депутаттары бала құқығын қорғау бойынша жұмыстарды атқаратын мекемелердің қызметіне қатысты мәселелерге өзгерту енгізуді бірінші оқылымда мақұлдады деп хабарлайды buqara.kz  Sputnik Қазақстан ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары баланың денсаулығына не өміріне қауіп төнген, баланың құқығы бұзылған жағдаймен жұмыс барысында біліп қалған болған болса, қадағалаушы органдарға хабарлауға тиіс. Мұндай фактілерді жасырып қалғандар әкімшілік жазаға тартылады.

Нақтырақ айтқанда, бұл өзгеріс білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне қатысты. Балалардың құқығы бұзылғанын құқыққорғау органдарына хабарлау міндеті туралы норма заңнамада бұрыннан бар. Бірақ хабар берімегендерді жауапқа тарту мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан бірыңғай норма жасалып, аталған мекемелердің қызметкерлерін жауапкершілікке бірдей тарту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, осы заң жобасы Қылмыстық кодекстен ата-ана мен басқа да тұлғаларды кәмелетке толмаған балалардың жасаған қылмысы үшін жазалауға қатысты нормаларды алып тастау да ұсынылды. Себебі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ата-аналарға салынатын 200 АЕК көлемінде (450 мың теңге) айыппұлды төлеу әркімнің қалтасы көтере бермейді. Немесе айыппұлдан бөлек 60 тәулік қамауға алу жазасы ата-аналардың жұмысына кедергі келтіреді. Оның үстіне, кейбір отбасыларында тек бір ғана ата-ана болуы мүмкін. Әкесіне не шешесіне айыппұл салынып, екі айға қамауға алынатын болса, отбасындағы балалар қараусыз қалып қояды. Осының барлығы ата-ананың тәртіп бұзған баласына деген қарым-қатынасының қатал бола түсуіне әсер етеді.