Балалар үйінен бала асырап алудың жолы қандай?

1960
көрілім
Республикалық бала асырап алу орталығының деректеріне сүйенсек, Шығыс Қазақстандағы мыңға тарта жетім бала 18 жасқа дейін жаңа отбасын күтетін көрінеді. Сонымен қатар, екі жүзге тарта болашақ ата-ана бала асырап алу кезегінде тұрады. Бала асырау үшін болашақ ата-аналар қандай жолды жүріп өтеді? Маңызды қадам жасамас бұрын не істеу керек және бұл жұмыстар қанша уақытқа созылады? Осы сұрақтарға buqara.kz сайтының тілшісі жауап іздеп көрді.

Елімізде жетім баланы асырап алудың бірнеше жолы бар. Асыранды баланың бауыр басып кететіні рас, бірақ балалар үйіндегі бүлдіршіннің әке-шешесі ата-аналық құқықтарынан айырылмаса және формальді түрде одан бас тартпаса оны асырап алу қиын. Алайда баланы қамқорлыққа, патронатты тәрбиеге алуға немесе жетім үшін «қонақ отбасы» болуға болады.

Баланы балалар үйінен кімдер ала алады?

ҚР «Неке және отбасы» кодексінде қорғансыз қалған балаларды асырап алу мен оның басқа да формалары анық жазылған. Мысалы, кәмелетке толған, жұмысқа қабілетті, табысы, баспанасы, азаматтығы бар, дәстүрлі жыныстық бағыттағы, сотталмаған, белгілі дерті жоқ, ата-аналық құқығынан айырылмаған, наркологиялық және неврологиялық диспансерде тіркеуде тұрмаған тұлғалар асырап алушы бола алады. Айта кетсек, әйелінің қайтыс болуына немесе ата-аналық құқығынан айырылуына байланысты үш жыл бойы баласын асырап отырған жағдайдағыдан басқа үйленбеген ер адамға асырап алуға бала берілмейді. Сондай-ақ, ресми некеге отырмаған ерлі-зайыптылар бала асырап алғылары келсе, отбасыларын ресми тіркетулері керек.

Асырап алушы мен баланың арасындағы жас айырмашылығы 16 жас болуы керек. Дегенмен, баланы өгей әкесі немесе шешесі асырауға ниет білдірсе, жас айырмашылығы есепке алынбайды.

Қандай құжаттар талап етіледі?

Құжаттар тізімі асырауға немесе қамқорлыққа, патронаттық тәрбиеге алу және т.б. бойынша әртүрлі. Жалпы құжаттар тізімі мынадай:

— Баланы асырап алуға жазбаша өтініш (қамқорлыққа, патронаттық тәрбиеге алу және т.б.);

— Асырап алушының жеке куәлігінің көшірмесі;

— Отбасы жағдайы туралы анықтама;

— Жақын туыстарының жазбаша келісімі;

— Жалпы табысының көлемі туралы анықтама;

— Денсаулығы туралы анықтама, оның ішінде психикалық және наркологиялық тәуелділіктің жоқтығын дәлелдейтін анықтама;

— Сотталмағандығы туралы анықтама;

— Баспанасының барын дәлелдейтін анықтама (жекеменшік немесе жалдамалы);

— Бала асырап алуға үміт білдірушінің өмір жағдайын зерделеу актісі;

Сондай-ақ, үш досыңыздан немесе көршіңізден ұсыныс хат пен жұмыс орныңыздан мінездеме сұралуы мүмкін

Қандай балаларды асырап алуға болады?

Егер баланың ата-анасы:

— қайтыс болса;

— баладан бас тартса;

— ата-аналық құқығынан айырылса және құқығы қайтарылмаса;

— сот тәртібімен жарамсыз деп танылса;

— хабар-ошарсыз жоқ болса;

— белгісіз болса.

Сонымен қатар асырап алу кезінде ағайынды балаларды бір-бірінен бөлуге болмайды. Асырайтын баланың бірнеше бауыры болса, сізге барлығын бірге асырап алуға тура келеді. Сондай-ақ, он жастан жоғары бала сізге ата-анасы болуы үшін жазбаша рұқсатын беруі керек.

Баланы әке-шешесін ата-аналық құқығынан айырған сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін алты айдан соң ғана асырап ала аласыз.

Балалар үйлерінде жетімдер көп болса да не себепті маған асырауға бала бермейді?

Бала асырап алуды қолдау орталығы мұндай мекемелердегі көптеген балалардың асырауға жатпайтынын алға тартады. Ата-аналары бас тартпаған (мысалы, әйел түрмеде отырса немесе уақытша жағдайы қиын болса, алайда уақыт өте келе баласын қайтарып алуға ниет білдірсе) немесе хабар-ошарсыз кеткен балаларды сот тәртібімен анықтау керек. Мұндай жағдайда сәбилер үйі баланың заңды өкілі ретінде сотқа беріп, осы мәселені шешулері қажет. Ал сот бала жағына шығып оны әке-шешесі мен қамқоршысының рұқсатынсыз алмай-ақ асырап алу жөнінде шешім шығаруы керек.

ҚР «Неке және отбасы» Кодексінің 93-бабы, 7-тармағында соттың анасы бас тарту туралы құжаттарды ресімдеместен, сәбиді перзентханада қалдырса, сондай-ақ үш жастан аспаған тастанды бала табылған кезде ол қалдырылғаннан немесе табылғаннан кейін үш ай өткен соң баланың мүддесінде ҚР азаматтарының бала асырап алуы туралы істі қарауға құқылы екендігі жазылған. Яғни, бала анасыз қалғаннан кейін үш айдан соң оның туыстары табылмаса, асырап алуға істі бастай беруге болады. Ал сот үрдісі жүріп жатқанда баланы қамқоршылыққа немесе патронаттық тәрбиеге алуға болады. Кейін сот шешімінен соң асырауыңызға аласыз.

Болашақ ұл мен қызды қайдан табуға болады?

Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарындағы балалар үйлерінің байланыстары egov.kz порталында орналасқан. Сондай-ақ, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың фотосуреттері, олардың жасы, асырап алу талаптары, бауыр-қарындастарының бар-жоғы туралы ақпаратты ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің bala-kkk.kz сайтынан, сонымен қатар ҚР Балалар құқығын қорғау комитеті мен «Милосердие» ерікті қоғамы» қорының бірлескен usynovite.kz жобасынан таба аласыз.

Баланы қай жастан асыраған дұрыс?

– Жетіден он төрт жасқа дейінгі аралықтағы балаларды асыраған дұрыс, – дейді бала асырап алушы ата-аналардың республикалық қоғамының Өскемен қаласындағы үйлестірушісі Екатерина Ванюшкина. – Әрине көптеген адамдар бір жасқа дейінгі баланы асырап алғылары келеді, бірақ бұл өте қиын. Сондай-ақ, бала таңдауда оның ұлтына, шашының түсіне, жасы мен тәрбиесіне көп көңіл бөле отырып біз өзіміздің таңдау мүмкіндіктерімізді тарылтып аламыз. Кейде екі жасар қызға емес, сегіз жасар ұлға қарап көзқарасыңыз өзгеріп, іздеген балаңыздың сол екенін түсінуіңіз мүмкін. Өйткені сіз бала асырап алу арқылы оның өмірін жағымды жағына өзгертуді қалайсыз. Осыдан-ақ, оның қай жаста болғанының маңызды емес екенін байқайсыз, сондықтан ата-аналарға Білім басқармасының жолдамасын толтыртуда нақты талаптарды көрсетпеуді, тіпті асырап алғысы келетінін де көрсетпеуді ұсынамын. Әрбір бес баланың біреуінің ғана формальды түрде асырап алынатынын өз тәжірибемнен көріп жүрмін. Алайда, асырап алумен қатар қамқорлыққа, қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге алуға және «қонақ отбасы» болуға болады. Бұлардың барлығының да өз ерекшелігі бар. Атап айтсақ, асырап алу мен «қонақ отбасынан» басқасының барлығындағы бюджет қаражатынан төленетін соманың қай отбасы болмасын артық болмайтыны белгілі. Сондықтан баланы таңдамас бұрын сәбилер үйіне бас сұққаныңыз абзал. Өйтпеген жағдайда кезекте көп жылдар бойы тұрып қалуыңыз ықтимал.

Асырап алу үрдісі қалай жүреді?

Жетімді қамқорына алуды шешкен адам жергілікті жердегі қорғаншылық және қамқоршылық бөлімдеріне (мұндай бөлімшелер аудандық, қалалық білім бөлімдерінде бар) жүгінуі қажет. Қажетті құжаттардың барлығы тапсырылғаннан кейін бөлім 15 күннің ішінде өтініш берушінің тұрғын-үй жағдайын тексереді.

Егер барлығы талапқа сай болса, сізге жазбаша оңды қорытынды беріледі. Осы құжатпен және Білім басқармасы жолдамасымен сіз Қазақстанның кез келген балалар үйіне жүгіне аласыз. Болашақ ұлыңыз немесе қызыңыз анықталғанда заң бойынша жетімдер үйінің қабырғасында баламен қарым-қатынас жасау үшін сізге екі апта уақыт беріледі. Осымен қатар, сіздің бала туралы егжей-тегжейлі ақпарат пен тәуелсіз дәрігерлік комиссияның куәландыруын алуға құқығыңыз бар.

Бала таңдалған жағдайда сотқа оны асырап алу жөнінде өтініш беруіңізге болады. Сот шешімі шыққан уақыттан бастап сіз оның заңды асырап алушысы болып саналасыз. Отбасыңыздың жаңа мүшесінің атын, тегін, әкесінің атын, туған жерін өзгертуге құқылысыз. Егер бала үш жастан аспаған болса, оның туған күнін де өзгерте аласыз (бірақ негізгі туған күнінен алты айға ұзамауы керек). Ресми ата-анасы болғаннан кейін сіз бала 18 жасқа толғанға дейін жылына бір рет оның өмір сүру, оқу, тәрбие, денсаулық жағдайы туралы ақпаратты беріп отыруыңыз керек болады. Асырап алуға байланысты сізге 75 АЕК (170 175 теңге) көлеміндегі бір реткі төлемақы, ал бала үш жастан кіші болса — декреттік демалыс беріледі.

Баланы асырап алудан басқа қамқоршылық түрлері
Қамқоршылық және қорғаншылық

Қамқоршылық бала 14 жасқа толғанға дейін, ал қорғаншылық — 14-тен 18 жасқа дейін белгіленеді. Заң бойынша бала 14 жасқа толғаннан кейін қамқоршылық тоқтатылып, қамқоршысы автоматты түрде қорғаншыға айналады.

Асырап алынған бала туған бала санатына жатса, қамқорлыққа алу уақытша форма болып саналады. Баланың биологиялық ата-анасы кез келген уақытта балаға деген құқықты қайтаруды талап етсе, сот олардың жағында болады.

ҚР «Неке және отбасы» кодексіне сәйкес қамқоршы немесе қорғаншы қарауындағы баланы өз қаражатына ұстауға міндетті емес. Мемлекет баланы бағуға ай сайын 10 АЕК (2017 жылы 22 690 теңге) ақы төлейді. Баланың әлеуметтік төлемдердің барлығын, сондай-ақ мемлекеттен пәтер алуға құқығы сақталады.

Патронат

Патронаттық тәрбие қамқоршылық органмен келісімшартқа отыру арқылы белгіленеді. Патронат ата-ана мемлекеттік білім беру мекемелерінің тәрбиешілерімен бірдей жалақымен қатар қамқорына алған әр баланы күтіп ұстауға қосымша қаржы (9 АЕК (20421 теңге) – мектепке дейінгі жастағы әр балаға, 10 АЕК (22690 теңге) мектеп жасындағы балаға) алады. Аталмыш сомалардың ішінен үш АЕК (6 807 теңге) киім, аяқ киім және ойыншықтар алуға жұмсалуы қажет. Төленген сомаларды қамқоршылық органдары жарты жыл сайын тексеріп отырады.

Бала асырап алушы отбасы

Мұндай ұғым елімізде биыл ғана пайда болды. Асырап алушы ата-аналар тәрбиеге төрттен кем емес, оннан артық емес баланы алуға міндетті. Олардың үйлерінде әр балаға 15 шаршы метрден бос алаңы болуы керек. Мұндай ата-аналар санатсыз және жұмыс өтілінсіз педагогтың жалақысындай жалақы алады (бұл шамамен 41 мың теңге, ауылды жерлерде сәл жоғары болуы мүмкін). Ал әр тәрбиеленушіге ай сайын 10 АЕК (2017 жылы — 22 690 теңге) көлемінде төлемақы төленеді.

Қонақ отбасы

Балалар мұндай отбасыларға тек демалыс күндері немесе каникул кезінде келеді. Сондай-ақ, мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндер бір айға дейін қала алады. Олар белгілі бір отбасында қонақ болғанымен, балалар үйінде тіркеуде тұрады. Үйдің ересектері олардың өмірі мен денсаулығына жауапты болады. Бұл жұмыстар үшін қонақ отбасына арнаулы жалақы немесе басқа да төлемдер төленбейді. Сонымен қатар, ағалы-інілі, апалы-сіңілілерді бөліп жаруға болмайды. Егер бір баланы қабылдауды шешсеңіз, оның бауыр-қарындастарын да қатар алуыңызға тура келеді.

Меруерт РАЙЫМБЕКОВА

Азамат ТЕМІРБЕКОВ