ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері балаларды мектепке қабылдауға қатысты жаңа ережелер туралы айтып берді, - деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, жаңа ережелерге сәйкес, осы күнтізбелік жылдың соңына дейін жасы 6-ға толатын балалар дайындық деңгейіне қарамастан, 1-сыныпқа бара алады.
- Осы жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында жасы 6-ға толатын балалардың барлығының мектепке баруға құқығы бар, - деді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, білім беру ұйымдары баланы қабылдаудан бас тартқан жағдайда ата-аналардың немесе балалардың заңды өкілдерінің мекенжай бойынша жергілікті білім беру басқармасына хабарласа алатыны айтылады. Айта кетейік, биыл балалар 1-сыныпқа түсу үшін 1 маусым-30 тамыз аралығында өтініш қалдыра алады.
Мұнымен қоса, министрліктегілердің айтуынша, биыл мектепке қабылдауға қажетті құжаттардың тізімінен баланың мекенжайы жөнінде анықтама алынып тасталды.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ