Балаларға сапалы әрі қауіпсіз жаңа жылдық сыйлықтарды қалай таңдау керек

316
көрілім
Фото:inbusiness.kz сайтынан

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ата-аналар балалары үшін жаңа жылдық сыйлықтарды көптеп алады. Алайда балаларға сапалы әрі қауіпсіз сыйлық  сатып алу үшін бірқатар ережені білген жөн. Бұл туралы Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Дәрігердің сөзінше, Жаңа жылдық сыйлықтарды ұйымдастырылған сауда орындарынан, яғни, дүкен, супермаркет, бөлшек және көтерме сауда базарларынан сатып алу керек. Сыйлықты сатып аларда ең алдымен қаптаманың түпнұсқалығы мен әсемдігіне емес, оның мазмұнына назар аудару керек.

«Тәттілердің құрамында дәм мен хош иісті күшейткіштер, консерванттар (E200, E202, E210, E249), синтетикалық бояғыштар, табиғи секілді хош иістендіргіштер, гидрленген майлар мен тоң майлар, сондай-ақ табиғи кофе болмауы керек. Табиғи бояғыштар мен хош иістендіргіштерге рұқсат етіледі. Сонымен қатар балалар арасында ішек ауруына әкелуі мүмкін кремді кондитерлік өнімдер секілді тез бұзылатын өнімдерді алмаған жөн», - деді Гаухар Каткенова.

Спикер атап өткендей, әрбір сыйлықта өнім туралы қазақ және орыс тілдерінде жазылған ақпарат пен анық оқылатын белгі (затбелгі) болуы керек.

Тамақ өнімдерінде міндетті түрде мына мәліметтер болуы тиіс:

өнімнің атауы;

дайындаушының өз аумағында тұтынушылардан шағым қабылдауға уәкілетті дайындаушының атауы және орналасқан жері (бар болса);

нетто салмағы;

дайындаушының тауар белгісі (бар болса);

өнімнің құрамы;

тағамдық құндылығы;

сақтау шарттары;

жарамдылық мерзімі немесе сақтау мерзімі (карамель мен драже үшін);

өнім жасалған және сәйкестендірілуі мүмкін құжаттың белгіленуі;

сәйкестікті растау туралы ақпарат болу керек.

Сонымен бірге, тәтті жаңа жылдық сыйлықты таңдаған кезде қаптаманың беріктігіне назар аудару керек. Бұл ретте кәмпиттер мен басқа да тәттілер сыртқы әсерден жақсы қорғалуы керек, қаптама мықтап жабылуы керек, мыжылған немесе деформацияланбаған болуы тиіс. Кондитерлік өнімдерді тоңазытқышта немесе қаптамада көрсетілген температуралық режимі бар бөлмеде сақтау керек.

«Егер жұмсақ ойыншық алғыңыз келсе, онда қатты немесе өткір заттар болмауы керек. Жұмсақ ойыншықтың тігістері берік болуы керек. Сонымен қатар таңбалау тұтынушы қаптамасына немесе ойыншықпен бірге жүретін төсемге жазылуы керек. Таңбалау анық, жақсы көрінетін, өшірілмейтін болуы тиіс және онда ойыншықтың атауы мен жас ерекшелігі, дайындаушы кәсіпорынның атауы, мекенжайы, жасалған күні, қауіпсіз пайдалану жөніндегі ескерту жазбалары болуы тиіс», - деді спикер.

Үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарды дайындау кезінде оған шыны мен түкті материалдарды араластыруға және құрамында тез тұтанатын материалдарды, қатты немесе өткір бөгде заттары бар (шегелер, инелер, металл жоңқалар, шыны сынықтары және т. б.) толтырғыш материалдарды қолдануға жол берілмейді. Ойыншықтардың пішіні дұрыс, беті тегіс болуы керек.

«Жаңа жылдық сыйлық балаңыздың денсаулығына зиянын тигізбеуі үшін ойыншықтардың сапасы мен қауіпсіздігі туралы стандарттардың талаптарына назар аударған жөн. Сондықтан сіз сатушыдан сыйлықтың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды, атап айтқанда, сәйкестік декларациялары мен көлік жүк құжаттарын сұрауға құқылысыз», - деп атап өтті Гаухар Каткенова.