Баланы мектепке дайындау үшін үкіметтен кімдер және қалай көмек ала алады?

81
көрілім
Фотосурет: ortalyq.kz

Тамыз айы – әр отбасы үшін қарбалас пен шығынға толы уақыт. Себебі баласын оқуға даярлап, сауда жасайтын маусым басталады. Былтыр редакцияның болжамды есебі бойынша бір оқушыны мектепке дайындау үшін шамамен 80 мың теңге қажет еді. Ал отандық сарапшылардың есептеуімен 50 000 теңге де жеткілікті. Алайда бұл бағаға тек арзан дүние алуға болады. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналардың тіпті ең қарапайым керек-жарақты сатып алуға қалтасы көтермейді. Осы тұста газет тілшісі биыл қандай санаттағы отбасыларға көмек берілетінін анықтап көрді.

Алдымен екі маңызды жайтты атап өтейік. Егер отбасы белгілі бір мәртебеге ие болса (мысалы, атаулы әлеуметтік көмек алушы немесе көпбалалы болса), онда ата-ананың мемлекеттен қолдау алуға толық құқығы бар. Сондай-ақ отбасының ресми мәртебесі жоқ, бірақ ата-анасының табысы төмен екенінен мектеп әкімшілігі хабардар жағдайлар да кездеседі. Осы тұста «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында кәсіпкерлер мен меценаттардың көмегіне жүгінуге болады. Баласына кішірейіп қалған немесе қажет емес заттарын басқаға беруге дайын ата-аналар да бар. Сонымен көмек керек болса, қайда жүгіну қажет? Ал көмек бергіңіз келсе, қайда бару керек? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын осы мақаладан біле аласыздар. 

Қаңдай санаттағы азаматтар балаларын мектепке дайындауда мемлекеттен көмек ала алады?

Өскемен қалалық Білім бөлімінен жыл сайын жаңа оқу жылының басында мемлекет тарапынан көпбалалы, аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, апатты жағдайда қалған мектеп оқушыларына көмек көрсетілетінін мәлім етті. 

Мемлекет қалай көмек береді: керек-жарақты таратып бере ме, әлде ата-ана баласына қажетін өзі таңдап алу үшін қаражат бөле ме?

Бұған дейін мемлекет оқушыларға мектеп формасы мен аяқ киімді сатып алып беретін. Бірақ кейбіріне өлшемі сай келмей жатса, енді біріне сапасы ұнамайтын. Ал жасөспірімдер өз талғамына сай киінгенді қалайды. Былтыр бұл жүйе өзгеріп, ата-аналарға қаржылай көмек көрсетіле бастады.

Қалалық Білім бөлімінің мәліметінше, биыл мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарларын алу үшін жоғарыда аталған санаттағы ата-аналарға 43 407 теңгеден бөлінбек. Енді әр отбасыға сай келетін өлшемдегі киім-кешек пен қалаған сападағы керек-жарақты алуға мүмкіндік туды. 

ШҚО Білім басқармасы жалпыға бірдей білім беру аясында мектеп формасы мен аяқ киім сатып алуға 957 млн ​​теңге қарастырылғанын атап өтті. Яғни 22 мыңнан астам мектеп оқушысына көмек көрсетілмек. 

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар көмек алу үшін қайда баруы керек? Оған қандай құжаттар қажет?

Өскемен қалалық Білім бөлімі көпбалалы, аз қамтылған және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың балалары оқитын мектепке хабарласуы керектігін хабарлады. Онда олардың мәртебесін растауға арналған құжаттар тізімі мен ары қарай не істеу керегін түсіндіріп береді. 

                                                                                                                           

Мұқтаж отбасыларға қол ұшын созғысы келетін өскемендіктер қайда бара алады?

Өңір бойынша жыл сайын 1 тамыз бен 31 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. Оған ниет танытқан кез келген адам қатыса алады: волонтерлер, кәсіпкерлер, меценаттар мен үкіметтік емес ұйымдар. Олар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдан келгенше көмек көрсете алады. Осы мақсатта бұрын пайдаланылған, бірақ жақсы сападағы киімдер мен аяқ киімдерді қабылдау және тарату жұмысы ұйымдастырылған. Білім беру ұйымдарындағы бұл қызметті әлеуметтік педагогтер мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бірлесе орындайды. Ал мұғалімдер халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылар мен балалармен тікелей жұмыс істейді. Сондықтан көмектескіңіз келсе, тұрғылықты жеріңіздегі мектепке немесе қалалық, аудандық білім бөліміне тікелей хабарласуыңызға болады.

Сонымен қатар 10-12 тамыз аралығында облыс орталығында «Мектеп жәрмеңкесі» өтеді. Оған мектеп формасын дайындайтын отандық тауар өндірушілер мен кеңсе тауарларын сататын кәсіпкерлер шақырылмақ. 

«Мектепке жол» акциясы кімдерге арналған?

Аталған қайырымдылық шарасы халықтың әлеуметтік осал топтарына (көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар) және белгілі бір себептермен ресми мәртебесі жоқ, бірақ материалдық жағдайы қиын отбасыларға арналған. Бүгінгі таңда «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы республикалық деңгейде жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты – барлық қалалар мен ауылдардағы балаларды мектепке дайындауға қолдау таныту. Облыста 4600-ге жуық оқушыға көмек көрсету үшін 600-ден астам меценатты тарту жоспарлануда. Қайырымды іске кез келген адам қатыса алады.

Сондай-ақ қалалар мен аудандарда «Балаларға жақсылық жаса!», «Ауыл балаларына мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі: Баланы мектепке жинаймыз!» атты қайырымдылық шаралары өткізілмек. 

Айта кетейік, 1-30 қыркүйек аралығында Білім басқармасы мен Полиция департаменті әлеуметтік себептерсіз мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында рейд жүргізеді. 

Біздің анықтама

ШҚО Білім басқармасының мәліметінше, өңірде барлығы 343 мектеп бар, оның 147-і мемлекеттік тілде, 101-і орыс тілінде, қалған 95-і аралас тілде жұмыс істейді. Ұзын-саны 97 366 оқушы бар. Олардың 46%-ы (44839) мемлекеттік тілде, ал 54%-ы (52527) орыс тілінде білім алуда.

Қымбат МУХАМАДИЕВА