Жаз жайнатып, күн күлдіріп бала-жеткіншек атаулы қазір алаңсыз тынығуда. Қалалықтар ауылға ағылса, төрт түлікті тықсырта қуып, қора жұмысынан да шашау шығармайтын елдімекен бүлдіршіндері республика шаһарларындағы туыс-туғандары мен демалыс лагерьлеріне жол тартқан. Алайда осы сәттің ата-ананың қарауынсыз, керек десеңіз, кейбір қауіп түрлері жан-жағынан қаумалайтын беймаза шақ екендігін көпшілік бағамдай бермейді. Осындай елең-алаң мезетте бауыр еті баласынан көз жазып, кейін жоғалу оқиғалары да ара-тұра көрініс беріп тұратыны рас. Ұл-қызыңыздың қауіпсіздігін сақтап, қатер құшағынан қалай құтқаруға болады, қандай шара қолданған жөн? Алда-жалда осындай жағдай болып қалса, балақайларды ертерек әзірлеуге бола ма? Бұл мақалада түрлі жағдайда не істеуге болатындығына кеңес берілген.
Бала жоғалған жағдайда
Із-түзсіз кеткен сәттен соң 48 сағат ішінде бар мүмкіндіктерді іске қосып іздеу тез арада тауып, балақайдың аман-есен оралуы үшін аса маңызды. Себебі абдырап, уайым арбасына жегілген ата-ана бір ғажайыпқа сеніп, көп жағдайда қол қусырып отырып қалады. Сондықтан екі тәулік уақыт бостан-бос құрдымға кетеді.
Болған жайттан соң анасы, мейлі әкесі болсын өз-өздерін қолға алып, әрі қимылын екшеп, дәлдікпен әрекет етулері тиіс. ШҚО Полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес мұндай жағдайда ата-ана білуі тиіс бірнеше алғышарт бар:
-
Бала жоғалған кезде дереу жақын маңдағы полиция бөлімшесіне барған дұрыс немесе «102» нөміріне қоңырау шалыңыз;
-
Жоғалған сәттен соң неғұрлым аз уақыт өтсе, іздеу шаралары да соғұрлым жемісті болмақ;
-
Полиция бөлімшесіне барарда балаңыз жайлы жан-жақты мағлұмат беретін фотосуреттер мен құжаттар, сондай-ақ өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды ала шығыңыз;
-
Тәртіп сақшыларына барынша нақты әрі дәл мәлімет беріңіз. Отбасында, айналаңызда байқалған кикілжіңдерді де еш жасырмаңыз және ұлыңыздың немесе қызыңыздың зиянды әдеттері болса бүгіп қалуға болмайды. Хабарсыз кеткен балаңызды сипаттау кезінде үстіне не кигенін, аяқкиімі, өзімен алып жүрген жеке заттарын айтуды ұмытпаңыз. Сонымен қатар мең, қал, қандай да бір тыртығы болса, тумысынан бар сырқатын, жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнерін сипаттауға қосуды кәперіңізден шығармаңыз.
-
Баланың бөлмесі мен үйдің қуыс-тесігін мұқият қарап шығыңыз. Төсек-орын жабдығы, киім-кешегі, компьютер, жеке заттары, тіпті жатқан қоқыстың өзі сәтті қадам жасауға себепші екендігін ескеріңіз. Соңғы рет кірген сайттар тізімін, кіммен хат алмасып, әлеуметтік желіде кімдермен хабарлама алмасқанын – түгел-түгел саралап шығыңыз. Осының барлығын полиция қызметкерлеріне баяндап беруге тырысыңыз.
-
Кімдермен етене жақын араласатынын анықтап, көмек сұрап, жиі жүгінетін дос-жаран, сыныптас-таныстарының тізімін жасап, қоңырау шалып, қайда баруы мүмкін екендігін мұқият ой елегінен өткізіңіз. Дұрысы, жоғалар сәтке дейін оны көрген адамдардан жөн сұрап, олардан балаңыздың бағыт алған жағын барынша нақты білуге тырысыңыз. Ұлыңыз немесе қызыңыз оларға не айтты, не жайында сөз қозғады, қандай көңіл-күйде болды – бұл тұста ұсақ-түйектің бәріне мән берген абзал. Естіген-көргендеріңізді жазып алыңыз. Хабарсыз кеткенге дейін балаңызды кімдер көрді, солардың тізімін тәртіп сақшыларына жеткізіңіз.
-
Полиция бөлімінің қызметкерлері сізді, ұсынған құжаттарды қабылдамауға, өтініш-арызыңызды тіркемеуге құқығы жоқ, қайта барлығын уақтылы әрі жылдам орындаулары тиіс.
-
Бала жоғалған жерден бірден кетіп қалмаңыз. Кім білсін, арада аз уақыт өткен соң кеткен жеріне қайта оралуы мүмкін. Сол себепті де айталық, балалар ойын алаңында серуендесеңіз сол жерде күткеніңіз жөн.
-
Туыс-туғандарыңыз бен жақындарыңыздың біріне үйіңізде бола тұруды тапсырыңыз. Жоғалған баланың жасы 8-10 аралығында болса, өз бетімен қайтып келуі әбден мүмкін. Сондықтан біреу-міреудің үйде күтіп, есік қақса ашып, оралғаны жайлы өзіңізге хабар береді.
-
Іздеу кезінде бірнеше адамның іске кіріскені дұрыс. Айталық, өзіңіз бала жоғалған жерде болыңыз. Екінші адам тәртіп сақшылары мен құтқарушылар көмегіне жүгінеді: құжаттарды тапсырып, хабарсыз кеткеннің ерекше белгілерін айтып, сипаттап берсе, үшіншісі үйде қалады.
Тағы бір айта кетерлігі, іздестіру шараларына құқық қорғау органдары өкілдерін жұмылдырумен қатар еріктілерді де тартуға болады. Еріктілер – өз қалауларымен қайырымдылық жасап, кез келген жағдайда барынша қолұшын созуға әзір жандар. Керек десеңіздер, солардың әлеуметтік желідегі парақшалары мен ғаламтордағы белсенділігі едәуір ақпараттық қолдау көрсете алады. Олар көп жағдайда өз беттерінше жоғалған адамның баруы ықтимал аумақтарын айқындап, нақты жоспар құрады. Еріктілерді жұмылдыру туралы шешім тиісті қадам жасауға құзыретті жандардың шешімімен жүзеге асады. Қазіргі уақытта бала, жасөсіпірім, тіпті ересек жандар хабар-ошарсыз кеткен жағдайда қалалық полиция бөлімі «Лидер KZ» волонтерлік тобына байланысқа шығады.
Балаңыздың санасына құйып қоятын жайттар
-
Өздеріңіз шүйіркелесе қалсаңыздар ұлыңыз не қызыңыз аяқасты жалғыз қалса не жоғалып кетсе еш қорықпауын жиі айтыңыз. Ерте ме, кеш пе анасы я әкесі оны тауып, барлығы жақсы болады.
-
Балаңыз өзінің есімін, тегін, тұратын мекенжайын, ата-анасының есімі мен байланыс телефонын білуі қажет. Егер бүлдіршін ондай мәліметтерді тегіс есіне сақтай алмаса сондай ақпараттары бар қағазды білегіне арналған білезікке бекітіп тағып беріңіз.
-
Егер адасып немесе жоғалып кетсе кімге жүгініп, көмек сұрау қажет екендігін түсіндіріңіз: тәртіп сақшылары, болмаса жақын маңда баласымен қыдырып жүрген ересектер. Қандай да бір мемлекеттік мекемеге, дүкенге кіріп, күзетші немесе сатушылардан жәрдем сұрау қауіпсіз екенні есіне салып қойыңыз.
-
Бейтаныс адамдармен сөйлесу жөнін де қайталап алғаныңыз дұрыс: ең алдымен не де болса танымайтын адамдарға еріп кетуге болмайды, мейлі ол «анаңа қазір-ақ апарамын» десе де. Егер анасының өзі алып келсін деп айтты десе, онда ол адамнан қауіп күтуге болады. Мұндайда сол жерде жақындары немесе таныстары жеткенше күте тұрған жөн, олар міндетті түрде келеді. Бейтаныс адам аяқасты қолынан тартып, ашықтан-ашық баруға үгіттей бастаса, айқайлап «Бұл апайды/ағайды танымаймын! деп маңайындағыларды көмекке шақыруға тырыссын.
Қалада адасса қайтпек керек?
Ең басты ереже – қай жерде адасты, яки бағытынан жаңылды, сол орнында қалуы керек. Ешқайда қашудың, кетудің қажеті жоқ, одан сол жерден (театр, аялдама, дүкен, дәмхана, сауда орталығы) алыстамасын. Солай етсе, табу анағұрлым жеңіл. Ал келесі қадамдар жайлы жоғарыда жазып өттік.
Жол жүру кезінде жоғалса
Мәселен, балаңыз автобустан немесе трамвайдан түсетін уақытынан бұрын шығып кетті, ал сіз әрі қарай кетіп қалдыңыз. Балаңызға былайғы күндері де осындай жағдай болып жатса байбалам салып, үрейге бой алдырмауын жақсылап ескертіңіз. Мұндайда тек түсіп қалған аялдамасында күте тұрғаны жөн, көп ұзамай өзіңіз келіп алып кетесіз. Егер ол кез келген автобус немесе трамвайға отырып, сізді қуып жетпек болса, соңы жақсылыққа әкелмейтінін түсіндіріңіз.
Ал керісінше болса, қалай? Анасы автобустан түсіп қалып, баласы көлікте қалып қойды, делік. Ондай жағдайда сол түсіп қалған аялдамасында анасы келіп жеткенше күтуі тиіс.
Орманда адасса
Бұл жерде де жоғарыда берілген мысалды ескеріңіз: тоқтаған жеріңізден ары ұзаудың қажеті жоқ.
Іздестірушілер тез анықтау үшін бала қатты айқайлап, көмекке шақыруы қажет. Айналасындағылардың назарын аудару үшін өсіп тұрған ағашты таяқпен ұрып, дауыстар шығарғаны ләзім. Қолында ысқырығы болса, тіптен жақсы.
Нендей жағдай болса да өзен, көл маңына бармасын: кез келген су тоғанының жанына жақындау қауіп бұлтын үйіреді. Егер өзен көрер көзге ені тар немесе таяз көрінсе, өзі бетінше малтау, кешіп өту әрекеттерін жасаудан аулақ болсын. Себебі ересектердің қарауынсыз су жағалауында жүру өте қауіпті!
Одан бөлек, аялдап, дем алу үшін қалың шөпке жата тұру бұрыс екендігін жіті ескертіңіз. Мейлі, ол бірнеше минут болса да. Балалардың ұйқысы тәтті, егер жақын жерде біреу айқайлап, қатты дауыс шығарса да естімей қалулары ғажап емес. Одан да жеткіншегіңіз ашық жерде ойнап-секіріп, әндетуін тоқтатпасын.
Жайқалып тұрған жидек пен қаулап өскен саңырауқұлақтарды жемесін. Бүлдіршіндердің сондайлардан улануы жылдам, сол себепті қарны ашып тұрса да сыртта ештеме татып алмағаны жөн.
Тағы бір айта кетерлік жайт, түрі жуас, қауіпсіз көрінетін жануарларға өз бетінше жақындамасын. Күшігі, балапаны тіптен қауіпті – тістеп, шоқып алулары ғажап емес.