Тарбағатай ауданында 19 наурыз күні рейд жүргізген инспекторлар заңсыз балық аулаған ер адамды құрықтады, деп хабарлайды газет тілшісі ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына сілтеме жасап.
Сағат 19.00-де рейдке шыққан Тарбағатай аудандық жедел әрекет ету отряды мен ІІБ-нің полиция қызметкерлері Зайсан көліне табан тіреген. Сол жерде олар заңсыз балық аулап жүрген Шорға ауылының тұрғындарын анықтайды. Сондай-ақ, ұсталған азаматтардан ҚР ҚК-нің 335-бабы, 3-бөлігімен тыйым салынған балық аулау құралдары да тәркіленген.
– Браконьерлерден заңсыз ауланған 111 келі балық тәркіленді, – деп хабарлады ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары, – Мемлекетке келтірілген шығын мөлшері 301 587 теңге. Сонымен қатар, тарбағатайлық браконьерлерден 8 дана балық аулайтын ау алынды.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізуде.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ