Өскемен қаласында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру және Халифа Алтайдың ғылыми мұрасы» атты халықаралық конференция басталды. Жиынға еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлымен бірге, елімізге танымал және шетелдік ғалымдар қатысуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Елбасының соңғы жолдауы турасында сөз қозғап, латын әліпбиіне көшу туралы бастамасын қолдайтынын білдірді. Сонымен қатар, ғалым Халифа Алтайдың өмірі туралы сыр шертті.
Өткен ғасырда Шығыс Түркістанда дүние есігін ашқан Халифа Алтай алғашқы білімін ауыл молдасынан алған. Қытайдағы Гоминдаң үкіметінің жүргізген қуғын-сүргіні салдарынан қазақтар 1940 жылы Елісхан батырдың бастауымен Пәкістан ауды. Халифа Алтай сонда жүріп араб және урду білдерінде білім алды. «Қазақтар қоғамы» құрылғанда жауапты хатшы болды. Пәкістандағы қазақтар 1954 жылы Түркияға қоныс аударғанда көш алдында жүрді. Шығыс Түркістаннан бергі сапар туралы кітаптар жазды.
– Қазақ елі Тәуелсіздік алғанда Халифа Алтай біржолата елге көшіп келді. Дін саласында еңбектенді. Біршама ғылыми кітаптарды жазып шықты. «Құран кәрімнің» қазақша мағынасымен басылған аудармасы 1 миллион таралыммен шықты. Қазақ радиосында Ислам діні жайлы арнайы хабар жүргізді. 2003 жылы Қазақстанда дүние салды. Ұрпақ ұмыптай, ұлықтап, Шығыс Қазақстандағы облыстық мешітке Халифа Алтайдың есімі берілді. Ендігі кезекте, Елбасымыз айтқан еліміздің алтын қорына енетін 100 жаңа есім атауына қайраткер Халифа Алтайдың есімі енеді деп сенемін, – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Аян Өрібаев