Баспана берілуде

686
көрілім

20 сәуір күні Аягөз қаласында тасқын судан баспаналары жарамсыз болып қалған тағы 13 отбасына салтанатты түрде пәтер кілттері табыс етілді, деп хабарлайды газет тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірімізде тасқын су салдарын жою науқаны қызу. Қазіргі таңда барлық күш үйлерді, жолдар мен көпірлерді қалпына келтіруге бағытталған. Мәселен, Аягөзде қосымша Семей мен Тарғабатай ауданының 5 құрылыс компаниясы жұмыс істеуде. Бұған дейін 118 миллионнан астам теңгеге 28 отбасына тұрғын үй сатылып алынғаны хабарланған еді. Бүгін олардың қатары 13-ке толықты. Тағы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы және «NFS Kazakhstan» ЖШС қолдауымен 2 жанұя баспаналы болды.

– Биылғы көктем біздің өңір үшін оңай болған жоқ. Тасқыннан 2 қала, 5 аудан, 33 елді мекен зардап шекті, - деді салтанатты жиында сөз алған ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова. – Қазіргі таңда тұрғындарды күнделікті тұрмыс жағдайларына қайтару үшін ШҚО-ның барлық күші жұмыла әрекет етуде. Комиссия жұмыс істеп жатыр, қаражат бөлінді. Облыс бойынша 23 құрылыс ұйымы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Айта кету керек, қазірде Аягөзде тағы 12 баспана назарда тұр, ал 15-інің жөндеу мерзімі иелерінің қалауымен кейінге шегерілді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ