Батырлар Өскеменде бас қосты

498
көрілім
Шартты сурет

Бүгін Өскеменде «Ұлы дала батырлары» атты грек-рим және еркін күрес спортшылары арасында жолдастық кездесулер өтеді. Аталған шарада облыс орталығының алдыңғы қатарлы палуандары мен Қазақстан Республикасы құрамасының үздіктері шеберлік байқасады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Барлығы бес жас ерекшелігі бойынша белдесулер өрбиді. Өскемен қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған бірегей бәсеке бүгін кешкі сағат 18:00-де Амфитеатр алдында өтеді. Қатысушылар алдымен салмақ өлшеу рәсіміне қатысты. Нұрсұлтан Базарбаев, Елдос Камелов, Ерасыл Мамырбеков сынды грек-рим күресінің өкілдерінен бөлек, Олжас Олжақанов, Ілияс Ерболатов, Данияр Қайсанов сынды еркін күрестің белді өкілдері республиканың әр түкпірінен жиналған спортшыларға қарсы тұрмақ.

– Осындай белдесу өткізуіміздің мақсаты – олимпиадалық спорт түрлерін дамытып, оны көпшілікке насихаттау. Оған қоса, бұл ерекше форматта өткелі тұр. Жасөспірімдер мен жастар екі санатта, сосын ересектер күреседі. Спортшылардың барлығы тыңғылықты дайындық жүргізген. Көрермен назарына тартысты белдесулер көрсететіндіктеріне сенім мол, – деді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ербол Қоңыратов.

Шынтуайтында, бұған республика көлемінде қызығушылық танытқан спорт мамандары аз емес. Тіпті, кейбірі тікелей эфирден көрсете ме, басқа өңірлерде өте ме деген сыңайлы сауалдарын қойып жатты. Бүгін түстен кейін өткен баспасөз-конференциясы кезінде қалалықтар, жас спортшылар палуандар мен олардың жаттықтырушыларына үлкен спортта жүріп өткен жолдары, қалай жоғары нәтиже көрсетуге болатындығы және тағы басқа да сұрақтарын қойды.

– Ең алдымен, ата-ана көңілі қалып, ұялатындай қадамдар жасамау керек. Әр спортшы табанды еңбегімен тек алға ұмтылып, шыңдарға жету үшін жанталасуы қажет. Ал жоғары нәтиже көрсетудің кілті неде десеңіздер, мен айта алатын үш қағида бар. Біріншісі, тәртіп сақтау. Режим деп жатамыз. Сосын дұрыс тамақтану. Осыдан барып аянбай тер төксе, түбі жемісін береді. Осының бірі ақсады ма, биікке көтерілу қиынға түседі, – деді еркін күрестен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Данияр Қайсанов.

Ал қатысушылардың бүгінгі дайындығына келсек, бапкерлері шәкірттерінің әзір екендіктерін, қалғаны бозкілемде белгілі болатынын алға тартты. Өскемендік палуандарды жаттықтырған Мәди Жарболов 55 және 63 келіге дейнігі дәрежедегі грек-рим палуандары арасындағы текетірес тартысты болатындығын баса айтты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ