Бауыржан Байбек үкіметтік емес ұйым белсенділерімен кездесті

373
көрілім

«Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің еліміздің мұнайлы астанасына жасаған жұмыс сапарының екінші күні Атырау қаласында жалғасып, партияның облыстық филиалы мен бастауыш ұйымдары өкілдерімен, өңірдің зиялы тұлғаларымен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен және облыстың жастар ұйымдарымен болған кездесулердегі келелі әңгімелермен жалғасты.

Бауыржан Байбек бұл күнгі шараларды саяси ұйымның Атырау облыстық ауруханасындағы «Ынтымақ» бастауыш ұйымы мүшелерімен кездесуден бастады. Оған Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов те қатысты.

Дәрігерлер қауымымен еркін пікір алысуға жол ашқан партия төрағасының Бірінші орынбасары өз сөзінде партия мүшелерінің елеулі бөлігін әлеуметтік сала қызметкерлері құрайтынын атап өтіп, қарапайым дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, дәрігерлердің еңбегін орынды бағалау жайына егжей-тегжейлі тоқталды.

- Біз дәрігерлер еңбегін, осы саладағы жасалып жатқан жұмыстарды халыққа насихаттап түсіндіруіміз қажет. Адам ауырып қалса кімге барады? Дәрігерге барады. Адам білім жинау үшін кімге барады? Ұстазға барады. Сондықтан ең маңызды мамандықтар осы. Дәрігерлер челленджін бастаған кезде азаматтар өз өмірінде дәрігерлерге байланысты орын алған жағымды оқиғаларды таратса деген ойым бар. Осынау маңызды мамандық иелерін қорғап, қолдауымыз қажет, - деді Б. Байбек.

Сонымен қатар мемлекетіміз тарапынан медицина саласында атқарылып жатқан ауқымды істер мен көрсетіліп отырған қомақты қолдау да тілге тиек етілді. Оның айтуынша, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның ХVIII Съезінде алғашқы медициналық санитарлық көмекті дамытуға қосымша 120 млрд. теңге бөлуді тапсырған. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында үш жылдық бюджет аясында денсаулық саласының дамуына қосымша 2,3 трлн. теңге қаржы бөлінетінін айтты. Соның нәтижесінде 2019 жылы денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысы ішінара 30%-ке көтерілді. Атырау облысы бойынша 8 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өскен. Ал 2020 жылдың қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақылары орта есеппен 30%-ке өсті.

Дәрігерлер қауымымен кездесуде өңірдегі өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Солардың қатарында нәрестелер өлім-жітімінің артуы да аталды. Бұл тұрғыдан облыс елімізде үшінші орында тұр екен. Бауыржан Байбек бұл күрделі мәселені жергілікті билік орындарымен бірлесе отырып, оңалту мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін айтты.

Кездесуде дәрігерлер де тосылмай, өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды. Солардың қатарында жас дәрігерлердің тұрғын үймен қамтамасыз ету, дәрігерлерге педагогтар секілді ерекше мәртебе беру жайын қарастыру жайы сөз болды. Бауыржан Байбек бұл ретте мемлекет қолдауынан бөлек, әрбір азамат өз мүмкіндігін де шамалап, өзінше әрекет етуі қажеттігін алға тартты.

- «Жас Отау» бағдарламасы бойынша өткен жылы жастарға арнайы 310 пәтер берілді. Ол - облыстық деңгейдегі бағдарлама. Талантты жастардың арасында әр сала бойынша іріктеледі.

Жалпы Қазақстан бойынша екі жыл ішінде жиырма бес мың мұқтаж азамат пәтер алды. Бұл ретте жастарға басымдық беріледі. Ең бастысы – табыстың өсуі. Табыс болса, әр түрлі құралдар бар. Соған қаражаты жететіндей жағдай жасалуда, - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Сапарын ары қарай жалғастырған Бауыржан Байбек өңірдің зиялыларына арнайы ат басын бұрды. Елдің сөз ұстар тұлғаларымен болған бұл кездесуді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды. Келелі бас қосуда өңір руханиятына, мәдениетіне, дін мен тілге қатысты өзекті мәселелер қозғалып, жан-жақты талқыланды. Өз сөзінде Бауыржан Байбек партияның мақсаты мен міндеттеріне, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында қолға алған шараларына кеңінен тоқталды.

- Біздің партияның бірінші міндеті - халықтың мұңын мұңдап, сөзін айтып, халықтың пікірін билікке жеткізу. Билік тарапынан көп нәрсе жасалып жатыр. Бірақ кейбір кезде бұл жасалған жұмыстар халыққа дұрыс насихаттала бермейді. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, атқарып жатқан жұмыстарды халыққа қарапайым тілмен жеткізу керек. Ол - партияның екінші міндеті. Үшінші міндеті, әрине, біз нақты істердің партиясымыз. Сондықтан біз негізсіз нәрселерді ешқашан көтермейміз. Қазіргі кезде әкімдермен бірлесіп әрбір өңірде партияның бағдарламасын талқылап жатырмыз, - деді Бауыржан Байбек.

Жиын ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, емен-жарқын сұхбатқа ұласты. Өз кезегінде өңірдің зиялылары партия төрағасының Бірінші орынбасарына толғандырып жүрген сауалдарын қойып, өз ойларын бүкпесіз ортаға салды. Бауыржан Байбек әрбір сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріп, кейбіреулерінің сол сәтінде шешімін де қоса ұсынып отырды.

Бас қосуда Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының төрағасы Қ. Жылқышиев мәдениет саласы бойынша мемлекеттік қызметке орналасатын жандардың мамандығы мәдениет саласынан болу керек деген талапты тиісті ережеге енгізу, ауылдық клубтар жұмысын жандандыру мәселесін көтерсе,  мұнай саласының ардагері Мақсым Ізбасов жергілікті мұнайшылардың жалақысын шетелдіктермен теңестіру, өңірдегі экология мәселесін оңалту, Жайық өзені деңгейінің жылдан-жылға азаю мәселелерін ортаға салды. Ал Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінің хатшысы, партия ардагері Б. Тыныбаева Атырау облысындағы апатты және үш ауысымды мектептер, балабақшаның жетіспеушілігі мәселелерін тілге тиек етті.

Өңір зиялыларының пікірлерін ден қоя тыңдаған Бауыржан Байбек мәдениетке қатысты көтерілген мәселелердің партия жанындағы «Мирас» кеңесінде қаралатынын, отандық мұнайшылар жалақысындағы теңсіздіктерге байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік жұмыс берушілер тарапынан біздің азаматтарымызды кемсітуге жол бермеу туралы мәселе көтергенін, сол сияқты қоршаған ортаны сақтау мәселесінде де Мемлекет басшысының шикізат энергия секторының жұмысында экологияға зиянды болдырмау керектігін тапсырғанын айтты.

- Экология мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Бұл аталған мәселенің халықты ерекше толғандырып отырғанын көрсетеді. Өйткені экология бәріне қатысты. Бәріміз де бір ауаны жұтамыз. Бұл мәселе аймақтың алдағы даму бағдарламасына міндетті түрде енгізілуі керек, - деп атап көрсетті Бауыржан Байбек.

Білім, ұрпақ тәрбиесі партияның ерекше назар аударатын салалары екендігіне тоқталған партия төрағасының Бірінші орынбасары облыстағы үш ауысымды және апаттық мектептерді жою үшін бес жылға арналған Іс-шаралар жоспары әзірленгенін, айтылған екі ұсыныс та жақын арадағы бесжылдықта өз шешімдерін табатынын жеткізді.

Өңірдің қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен және БАҚ өкілдерімен кездесуде Бауыржан Байбек қазіргі таңда жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, коммуникациялардың заманауи технологияларын пайдалану арқылы халықпен диалог орнатудың маңыздылығына, партия тарапынан алғаш қолға алынғалы отырған праймериз өткізу тәртібіне тоқталды.

Азаматтық қоғам өкілдері де сөз алып, өңірде өзекті болып отырған бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. «Логос Атырау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бибігүл Шайхиева Жастарды кәсіпкерлікке оқыту, «Былина» орыс этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей Кораблев Атырау облысына ерекше экологиялық мәртебе беру ұсыныстарын ортаға салса, «Qazagstan» Атырау облыстық телеарнасының директоры, журналист Қанат Әуесбайұлы ашық диалог алаңдарын құру, мемлекеттік қызметкерлердің журналистермен қарым-қатынасын арттыру секілді мәселелерді көтерді.

Бауыржан Байбек осында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар бойынша тыңғылықты жауап берді. Оның айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қарастырылған. 

Сапар кестесінің тығыздығына қарамастан, «Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Атырау жастарымен де кездесуге уақыт тапты.

- Қазіргі кезде «Жастар – Отанға» бағдарламасын әзірлеу қарастырылуда. Біз мұны әр ауданда талқылап, ұсыныстар жинақтап жатырмыз. Ол жастар үшін өзекті төрт мәселені қарастырады. Бірінші - сапалы білім. Сапалы білімсіз ештеңе болмайды. Екінші - жұмыс. Білімді болған соң, уақытша емес, тұрақты, сапалы жұмыс болу керек. Үшінші - пәтер. Пәтер мәселесін шешуге біз ықпал етеміз. Төртінші - жастардың бос уақыты. Міне, осы бағдарламаны әзірлеуге белсенді атсалысыңыздар, - деді Бауыржан Байбек.

Атырау өңіріне жасалған екі күндік сапардың соңына қарай «Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен Атырау облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Конференцияда партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалына осы облыстың жуырда тағайындалған жаңа әкімі Махамбет Досмұхамбетов төраға болып сайланды.