ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында өткен жиында өңірдегі туризмнің өркендеуін тежеп тұрған Катонқарағай ауданындағы қонақүй мен интернет мәселесіне қатысты жауап берілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осыған дейін республикалық телеарналардың бірінде туристер мен облыс тұрғындары жиі ағылатын Берел ауылындағы түйткілдер айтылған болатын. Нақтыласақ, елдімекендегі қонақүйдің жоқтығы мен интернеттің нашарлығы.
– Келген адам тұмса табиғатты бірден суретке түсіріп, жақындарымен бөліскілері келеді. Аудан экономикасын дамытудың алғашқы қадамы да осы ғой. Біртіндеп жарнама да жасалып, турист тартуда да оңтайлы әдістер қолға алынады. Алайда келушілердің ғаламтор тартпайтын өлкеде жүріп, кетерлерінде көңіл-күйлері түсіп қайтатыны өкінішті-ақ, – делінген болатын бейнематериалда.
ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, Берелдің басты артықшылығы – экотуризм.
– Яғни адам мен табиғат. Бұл жақта үлкен қонақүй салу қаншалықты тиімді, өзін ақтай ма деген сауалға жауап іздейміз. Себебі бұл жақта туристік маусым жаз айларын қамтиды, шамамен үш ай. Ал мұндайда келген туристер тұрғындардың үйіне қонады. Бұл да тексерілген әдіс, себебі басқа шаһарлар мен аймақтардан келгендер үшін осы жақтың тұрмысы өте қызық. Жалпы Катонқарағай ауданы бойынша туризмді дамытуға 15 жоба жасалып, осының арқасында кейбір бағыттар бойынша кәсіпкерлер гранттар ұтып алды. Бұл ауданға инвесторлар тарту жоспарда бар, олар ыңғайына қарай қонақүйлер салуды көздейді. Дегенмен бұл келер күннің еншісінде. Ал интернет, жарық тарту мәселелері келер жылы шешімін таппақ, – деді ол.