Он тоғыз баласы бірінен кейін бірі шетінеп, аман қалған кенжесін сұм соғысқа аттандырған Әмре әжейдің жан жарасын кім түсінеді? Күн сайын Зайсан көлінің жағасына барып жалғыз ұлын күтетін әженің ойын қандай сұрақтар мазалайтынын Әмре әжейдің иті – Бәріңгел ғана түсінеді… Жалғыз ұлын соғысқа аттандырған ана болу қандай, жалғыз ұлын соғысқа аттандырған ананың иті болу қандай…
Бәріңгел (әңгіме)
Мен жарық дүние есігін қашан, қай күні, қай жерде ашқанымды, бірге туған бауырларымның қайда екенін білмеймін. Бір білерім: мені Дайыр ауылынан Қорған ауылына көшіп келген ауқатты адамдардың бірі – Орынбайдың асырап алғандығы. Көзімді ашқалы ең көп естіген сөзім: «Сені соғысқа кеткен бала-шаға, туған-туыс, ауылдастарымның бәрі аман-есен оралсын деген ниетпен Бәріңгел (Бәрің кел) деп атадым. Үмітімді ақтарсың» деген сөз болды. Мұны маған Орынбайдың жұбайы – Әмре жиі айтатын. Кейде оның аузынан шыққан осы сөздер менің құлағыма бұйрық болып естілсе, кейде сарқылмас сағыныштан туған өтініш сөз болып жететін. Бәлкім мен адам емес, ит болып жаратылғандықтан болар, осы сөзді жиі айтатын ақ жаулықты әжейдің сөзін терең түсіне бермейтін едім. Таңнан кешке дейін ойлайтыным – қарынның тоқтығы ғана… Иттің аты – ит емес пе?!
Уақыт өте келе бәрі өзгере бастады: жүрісім де, тұрысым да әркез қасымнан табылатын Әмре әжейдің көңіл-күйіне қарай өзгеретін болды. Осы уақытқа дейін он тоғыз құрсақ көтерген әженің бұл күндері Таңжарық атты жалғыз ұлы ғана жер басып жүр. Оның өзін Құдай көп көрді ме екен, соғысқа аттанып, хабарсыз кеткеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Ал қалған он сегізі қызылша мен сүзектен көз жұмған. Он сегіз баласын өз қолымен жерлеп, тағдырдың жазуына мойынсұнған ана, соғысқа аттанған жалғыз ұлының хабар-ошарсыз кетуіне әлі күнге дейін мойынсұна алмай келеді. Келген қаралы қағаз да оның үмітін біржолата үзе алмады. Көңілге медеу боларлығы – Таңжарықтан қалған екі немересі бар.
Әмре әженің көзіне жас алған сәттерінде:
– Ой, әкеңнің… Маған оңай деймісің?! Бұл соғыс кімнің өмірін жалмамады? Жалғыз біздің бала ма соғысқа кеткен?! Бас аяғы қырық үйлі ауыл едік, жиырма алты адамды соғысқа аттандырдық. Осы уақытқа дейін солардың қайсысы оралды, айтшы?! Құдайдың құтты күні зар илемей, қайта Таңжарықтың артында қалған қос құлыншағыңның бар болғаны үшін шүкір десеші! Қаралы қағаз келгелі қашан, кемпір-ау! – деп зекіп салатын Орынбайдың өзі бір сәтке үнсіз қалып, артынша еңкілдеп жылайтын.
Шалына қайғы-қасіретін сездіргісі келмегені ме, әйтеуір әжей ешкімге айта алмайтын сырын маған айтып, ешкімге шақпаған мұңын маған шағатын:
– Тұрмысқа он бес жасымда шықтым. Одан бері қаншама уақыт өтті десеңші, ей, жалған-ай, жалған… Тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді жібіткен әр баламнан айырылған сайын Құдайдан «Бергеніңді алсаң да, береріңді ала көрме!» деп тіледім. Мен өз қалағанымды болдырғым келгенмен, тағдыр өз қалағанын болдырды ғой: сойылын оңды-солды сілтей беретін ажал шіркін бірінен кейін бірі он сегіз баламның да өмірін жалмады…
Кейде қасымда әңгімесін айтып отырған әжеге ешкім бере алмаған жан жылуын беріп, қатты құшақтап, әжімді маңдайынан иіскегім келетін, бірақ ит деген атым бар ғой: көзімді алысқа қадап, құйрығымды бұлғаңдатып жата беретінмін…
Бірде үйге «Қуандық келді!» деген қуанышты хабар жетті. Ол Орынбайдың немере інісі еді. Ауылдағы соғысқа аттанғандар ішінен алғашқылардың бірі болып оралып, сағыныштан сарғайып жүргендердің кеудесіне үміт отын жаққан да осы адам. Соғыс алаңына бір аяғын қалдырған оның жүзінде жылу жоқ, сұсты болатын. Үнемі түнеріп жүретін одан ауылда ойнап жүретін балалардың бәрі жасқанатын. Бала түгілі мен де оның сұсты көздерінен, тақ-тақ еткізіп жүретін балдағының дыбысынан сескенем.
***
Қуаныш пен қайғы қатар жүреді деген рас-ау… Жақын күндердің бірінде үйшігімде алаңсыз жатқан менің құлағыма «Неге? Не үшін? Не жаздым?..» деген өксік аралас зарлы үн келді. Елең етіп, жан-жағыма жалтақтай қарап едім, үйшік қасында ботадай боздап отырған Әмре әженің келіні – Күлшараны көрдім. «Не болды? Не болып қалды?» деп өз тілімде үн қатқан мен жалғыз жарын соғысқа аттандырып, артынан қалған екі баласын бағып отырған жесір әйелдің аяғына жығылып, қыңсыладым. Арада ұзақ уақыт өткен жоқ, үйдің есігі ашылып:
– Күлшара, әй, Күлшара, бармысың?! – деген Әмренің дауысы шықты. Тез арада көзінің жасын оң қолының білегімен сүрткен бейбақ келін:
– Қазір, апа, қазір… – деген күйі үйге қарай аяңдады.
Мән-жайды ертесінде бірақ түсіндім. Оны да маған құлағдар еткен сол баяғы Әмре әжей. Олар немерелері әкесіз қалмасын, жат қолында кетпесін, арқа сүйер қорғаны болсын деген ниетпен Оразалының немере інісі Қуандық пен Күлшараны әмеңгерлік жолмен қосуды жөн санапты. Сыннан сүрінбей, басына түскен қайғыны үнсіз көтеретін Күлшара ата-енесінің сөзін жерге қалдырмай, қайын ағасымен бас қосуға да көніпті. Осындай аянышты көріністерге куә болған кездерімде қандай әрекет етсем де о дүниеде Құдай алдында жауапкершіліктен босатылған хайуан болып жаратылғаным үшін қуанып кетем…
***
Бір ай бұрын тағы бір ерекше көрініске куә болдым. Көршіміз Нұрғазының баласы – Ерлік соғыстан оралды. Қайдан, қайтіп естіп алатынын білмеймін, оның келетінін жұрт күні бұрын шулап айтып жүрген. Әмре әжей екеуміз тағы да Қара Ертістің жағасына кетіп барамыз. Мұндай кезде әженің қолына ұстаған таяғы оның үшінші аяғының қызметін атқарады. Ақ жаулығы желбіреп, алдынан соғып тұрған желдің әсерінен ақ шашы дудыраған әже алыстан қарасаң әруаққа ұқсап кетеді. Тек жасқа толы жанарындағы үміт сәулесін көрген адам ғана оның кеудесінде жаны бар екенін сезіне алар…
– О, Жаратқан, осы күнге де жеткіздің-ау! – Бұл Ерліктің әкесінің қуанышқа толы үні. Үш ай бұрын ғана бауыр еті баласының соғыста қаза тапқаны туралы қаралы қағазды қолына алып, өз кеудесін өзі ұрғылап, қайғының қанын жұтқан қара шалдың баласы соғыста қаза таппаған болып шықты. Міне, аман-есен елге оралды. Туған-туыс, көрші-қолаңдарымен қауышып, зор бақытқа бөленген ол басындағы пилоткасын аяғына оратылып жүрген қара домалақ балалардың бірінің басына кигізді де:
– Таудай бол! – деді құшағына алып. «Таудай бол!» дегені – бойының ұзын болуын емес, ойының ұшқыр, таудай берік, мойымайтын азамат болуын тілегені екенін түсінген-ау шамасы, алты жасар Арман «алақайлап» өзен жағасына қарай жүгірді. Менің де бойымды бір қуаныш кернегендей болып, балалардың соңынан жүгіре жөнелдім.
Қара Ертіс жағасында отырған екі баланың бірі:
– Арман, андағы пилотканы өзенге батырып, су алып іш. Сонда сен де батыр боласың! – деп еді, екіншісі:
– Оны кім айтты саған? – деп сұрады таңданып.
– Бәрі солай дейді ғой…
– Ендеше су алып ішейік! – деген алты жасар ойын баласы суға салғаны сол еді, ағысы қатты өзен суы пилотканы ағызып әкетті. Балалардың артынан жүгіргім-ақ келді, бірақ мені Әмре әжейдің күтіп тұрғаны есіме түсіп, кері бұрылдым…
***
Бүгін әжей екеуміз тағы да өзен жағасына қарай бара жатырмыз. Күніне бір емес, бірнеше рет бару – біз үшін әдетке айналған. Тұғыл жақтан келіп, Қытайдың шекарасына күніне бес-алты рет өтетін кемелер кей кездері біздің ауылдың жағасына аялдайды. Оның аялдағаны жақсылықтың нышаны: әлдекімнің соғыстан оралғандығын білдіреді, бірақ кеме жағаға жиі тоқтай бермейді, себебі соғысқа аттанғандардың бәрінің маңдайына еліне оралу бақыты жазылмаған. Осы күнге дейін соғысқа аттанған жиырма алты адамнан бас-аяғы төрт-ақ адам оралды. Ал соғыстың аяқталғанынан бері жеті жыл уақыт өтті…
Дірілдеген оң қолымен көздерін қалқалап, алысқа қарап тұрған әжеге мен тілім салақтап, үнсіз қарап отырмын. Пароходтың дыбысы шыға салысымен жағаға қарай асыға басып келетін әжейдің жүзіндегі үзілмес үміттің белгілері біртіндеп жоғалып, еңсесі басылған күйі кері бұрылды. Үнемі осылай… Оның бетіндегі әжімнің әрқайсысына тіл бітсе, қашан, не үшін пайда болғанын айта жөнелер ме еді. Оның жүзіне түскен әрбір әжімде қайғы мен қасіреттің ізі жатыр.
Өзен жағасына келерде әженің таяғы алдында болса, қайтар жолда белі бүгіліп, таяқты кісендеулі кісідей екі қолымен бел тұсына қысып ұстап алады. Мұндай кезде алдымыздан шығатын ауыл балалары бір сәтке ойындарын тоқтатып, жолдың екі жағына бөлініп, әжей екеумізге жол береді. Сірә «Бұлар жағалауға не үшін барып, не үшін қайтады?» деп ойлайтын болуы керек, бәрі де бізге сұраулы жүзбен қарайды. Мұндай кезде адам түгілі менің де еңсем басылып, құлағым салбырап кетеді. Әжейдің бұл жолғы үнсіздігі маған ұнамады. Ішіндегі жанартаудың жарылар кезі келген болар деп ойлап үлгергенім жоқ, қақпадан кіре бергенде ол қолындағы таяғымен менің бүйірімнен нұқып қалды. «Не жазығым бар?!» дегендей қыңсылаған мен оған жасқана қарап, қаша жөнелдім. Ал ол бойындағы таусылған қуатына қарамастан мені қуа жөнелді:
– Қашпа! Қашпа деймін иттің ғана баласы! Бері кел!
Қауқары жоқ кәрі кемпірді шаршатпайын деп алдына бардым да, «Не айтасың?» дегендей бүгіліп отырдым.
– Әй, иттің ғана баласы! Мен саған күні-түні не деп қақсап жүрмін?! Миың бар ма өзі сенің?! – деп қолындағы таяғымен басымнан бір қойғанда көзімнің тұсы жырылып, ыстық қан сорғалай жөнелді. Мен сонда да оның айтар сөзін соңына дейін үнсіз тыңдауға ұйғардым. – Соғысқа аттанғандар аман-есен оралсын деген оймен атыңды «Бәріңгел» деп атадым деп көзіңді ашпаған күшік кезіңнен бастап қақсап келем ғой саған! Қайда қалғандары?! Қайда деймін, иттің баласы?! Неге біреу жарынан, біреу баласынан, біреу ағасынан айрылып, ал сен арамтамақ болып үйде жатуың керек?! Неге?
Осы сәтте сүйек жалаған ит емес, Отанын қорғай білетін адам болып туылмағаным үшін өкіндім. Соғысқа аттанғандарың бірі болғанымда қарсы алдымда қайғы жұтып тұрған қарт әжей мені бұлай ұрмас еді, керісінше сағынар еді, күтер еді. Әттең, итпін… Ит екеш иттің өзі төрінен көрі жақын қара кемпірдің мейіріміне мұқтаж. Көзімнен аққан қан аралас жасты көрген-көрмегенін білмеймін, әйтеуір әжей сөзін:
– Атың құрысын Бәріңгел деген! Үмітімді ақтамадың иттің ғана баласы! – деп жалғастырды.
– «Иә… Мен Құдай емеспін, бар болғаны иттің баласы ғанамын ғой… Жазығым не?!» – деп едім іштей, әжей осы ойымды оқып қойғандай-ақ:
– Сенің жазығың – менің үмітімді ақтамағандығыңда! Он сегіз баласын жер қойнына тапсырып, соғысқа кеткендерді сарыла күтіп жүрген сорлы кемпірдің жан дүниесін түсінер бір адам жоқ жер бетінде. Ал сен тіптен түсінбессің…
– «Түсінгендіктен де қасыңда жүрген жоқпын ба осы уақытқа дейін, әжей?! Мен сенің күніне бір уақыт алдыма тастайтын мүжілген сүйегіңе мұқтаж деймісің?..»
– Мен сені жек көрем! Жылдар өтіп, сен өскен сайын соғысқа кеткендер біртіндеп қайтып оралар деп үміттендім. Арада он жыл өтті… Сен барсың, ал балам әлі жоқ! Неге?!
– «Үміт үзетін сәт жетпеді ме, әжей?.. Тірі болса, балаңыздан бір хабар келер еді ғой…» – деп қыңсылап едім, таяғының ұшымен тағы да бүйірімнен нұқып қалған әжей:
– Өшір үніңді! Қыңсылама! Қаралы қағаз өшіре алмаған үмітті сен өшірмекпісің?! – деді құдды менің ойымды оқып тұрғандай. – Менің үмітімді өшіру деген, иттің баласы-ау, мені тірілей өлтіру емес пе?! Әлде менен құтыла алмай жүрмісің?! Олай болса кет басқа үйге! Кет, жоғал!
Ол мені тағы да ұра бастады. Үнімді шығармадым. Үндемеген сайын ол мені ұрғанның үстіне ұра түсті. Кімге кінә артарымды білмеген мен ақыр аяғы:
– «Менің не жазығым бар?! Адамдар, ашуларыңды өзгеден алуға неге құмарсыңдар?! Неліктен кей кезде адам емес, жауызға ұқсап кетесіңдер?! Неге жылатасыңдар бір-біріңді? Неге қорлайсыңдар бір-біріңді?! Бір-біріңнің қаныңды төгіп, қара жерге көмуден ләззат аласыңдар ма?! Күндердің күнінде баратын жерлерің бір ғой бәрібір… Қайда, неге асығасыңдар?! Мейірімнен жұрдай болатындай не күн туды бастарыңа! – деп айқайладым ашуға булығып. Менің айқайым өзгелердің құлағына ұлыған үн болып естілген болуы керек, үй ішіндегілер тысқа ытқып шықты.
Адам сырын итке айтар, ал ит сырын кімге айтсын? Өз өзіммен ұлып отырғанымда:
– Ой, кәрі қақпас! Итте не өшің бар ала алмай жүрген?! Есіңнен адасайын дедің бе?! — деген Орынбайдың ашулы үнінен селт ете түстім…
Құлағыма ақ жаулықты әжей мен мені оның таяғынан арашалап алған Орынбай ақсақалдың сөздері еміс-еміс естіледі. Бірі:
– Төбеттің не жазығы бар?! Үсті-басын қан-жоса қылыпсың! – десе, бірі:
– Ол менің үмітімді үзді… – дейді. Бірі:
– Андағыдай үмітіңе болайын! Сенің бақытсыздығыңа бола не үшін жазықсыз ит таяқ жеуі керек?! Өзі де таяп жүрген кәрі төбет еді. Түгін қалдырмапсың… Әй, алжыған кемпірмен айтысып отырған мен де ақымақ! – десе, бірі:
– Мені тыңдар құлақ болса, менің жан мұңымды ұғар жан болса, мұндай жағдай болмас еді. Құсадан өлетін болдым… – дейді. Айғай-шуға құлақ түріп жатып ұйықтап кетіппін…
***
Қанша уақыт өткенін білмеймін, көзімді ашқанымда ақ жаулықты әжейді көрдім. Жанары мөлтілдеп, маған көз алмай қарап отыр екен.
– Кешір мені… Кешірші мені, – деп қайталай берді басымнан сипап.
– Әжей, мен кек сақтайтын адам емеспін, бар болғаны итпін… – дедім оған мейірлене қарап.
– Мені үнсіз түсінетін, үнсіз ұғатын, үнсіз тыңдай білетін жер бетінде кеудесінде жаны бар бір тіршілік иесі болса, ол – сенсің, Бәріңгел… Менің кеудемде бір үзілмеген үміт болса, ол да сенің арқаң, Бәріңгел. Қайғым болса ортақтасып, қуаныш болса қайтарымын күтпей бөлісе білетін де өзің, Бәріңгел… Дәл сендей жазықсыз тірішілік иесін қалай ғана ұруға дәтім барды екен, Бәріңгел… Кешірші мені, кешір, – деп өксіп отырған әжеге:
– Әжей… жер беті бұл соғыстың, мұндай қасіреттің түр-түрін көрген. Біз басы да, соңы да емеспіз… Соны түсін… – дедім іштей. Менің айтқым келген ойды айтқызбай-ақ түсіне алатын жалғыз адам болса, ол – осы ақ жаулықты әжей.
– Бұл да өтер… – деген ол орнынан тұрып, үйге қарай аяңдады.
***
Сол күннен бері әжейді көрмедім. Бір күн күттім, екі күн күттім, үш күн күттім – әжей аулаға шықпады, бірақ үйге келіп жатқан ауыл тұрғындарының қарасы көбейді. Ішім бір сұмдықты сезгендей болды…
– Жалғыз ұлын күтумен өтті өмірі… Арты қайырлы болсын!..
– Жұмақтың салқын саясында ұлымен қауышар… Иманы жолдас болсын…
Бұл сөздерді естіген мен жұбату сөздер кімге қатысты айтылып жатқанын түбегейлі түсінгендей болдым…
Енді мен де кетіп барам, қайда екенін білмеймін, әйтеуір кетіп барам. Ит өлігін көрсетпесі анық… Бәлкім, о дүниеде мен де балаларымен бірге әжейдің алдынан шығармын…
Зарина ӘБІЛМӘЖІНОВА