Бесқарағай ауданында құс тұмауы тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бірнеше құс (қаз) өлімі 30 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Бесқарағай ауданының Баскөл ауылындағы төрт жеке шаруашылықта болған. Ветеринарлық қызмет мамандары патологиялық материалдан сынамалар алып, Нұр-Сұлтан қаласындағы ветеринарлық зертханаға жеткізді. Зерттеу нәтижелері бойынша жоғары патогенді құс тұмауы анықталған.
– Өлген құстар арнайы белгіленген жерде өртеліп жойылды. Баскөл ауылдық округі әкімінің № 11 қаулысы шығып, 21 тәулікке карантин режимі енгізілді. Қаулыға сәйкес елді мекендерден шығуға, құс өнімдерін экспорттауға шектеу қойылды, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жалпы Бесқарағай ауданында 25800 құс тіркелсе, оның 1245-і Баскөл ауылында. Онда құстарға вакцина салынған.