Бесқарағай ауданында өзгенің атына несие ресімдеген алаяқ ұсталды

1815
көрілім
Шартты фотосурет

Шілденің 3-і күні кешкі уақытта Бесқарағай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын жүгініп, әлдекімнің алдау арқылы ақшасын жымқырғандығына шағымданған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Белгілі болғандай, мамыр айында үйіне белгісіз әйел келіп, өзін Бесқарағай аудандық ТКШ қызметкері ретінде таныстырып, үйді жекешелендіремін деген желеумен құжаттары мен үй иесін суретке түсіріп алған. Ал өзінің атына 200 000 теңге сомасында несие ресімделгенін бесқарағайлық тұрғын кейін білді.

- Бесқарағай полиция бөлімінің криминалдық полиция тобы сегіз күн ішінде жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, шілде айының 11-і күні қылмыс ашылды. Семей қаласының 41 жастағы тұрғыны жауап алу барысында өз кінәсін мойындады, - делінген мәліметте.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.