Облыс орталағында Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиын барысында ол 2019 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Бүгінде Бесқарағай ауданында халық саны – 18 689 адам. Аудан бойынша 21 мектеп бар, жалпы оқушы саны 3021 баланы құрайды.
– Біздің басты мақсатымыз – экономикалық және әлеуметтік салаларды дамыту. Сонымен қоса биылғы Жастар жылында олардың жұмыспен қамтылу мәселесін де қолға алып келеміз. Қазіргі уақытта халықпен кері байланыс орнатуды жеңілдету үшін қазан айында Telegram қосымшасында сұхбат беруді көздеп отырмыз. Ауылдың негізгі өнім түрлері ет, сүт, өсімдік шаруашылығы болғандықтан алдағы уақытта өнім көлемін еселемекпіз, - деді аудан әкімі.
Биылғы жылы ауданда 3,6 мың тонна ет, 40,2 мың тонна сүт, 2,7 млн дана жұмыртқа өндірілген. Жалпы ірі қара саны 44,9 мың басқа жетті. Сонымен қоса 50,3 мың бас ұсақ мал, 13,3 мың бас жылқы, 651 бас шошқа, 60,2 мың құс бар. Алдағы уақытта ауданда 1000 басқа арналған бордақылау алаңын ашу жоспарланып отыр.
– Биылғы жылы егіс алқабының жалпы көлемі 43,9 мың гектарды құрайды. 2018 жылмен салыстырғанда ағымдағы жылы егіс алқабының көлемі 3,9 мың гектарға ұлғайған. 15,1 мың гектар егістік алқабынан орташа есеппен әр гектарынан 8,5 центнер астық жиналды, – дейді Дәулет Батырбаев.
Ерасыл ЖҰМАҚАН