Ел мақтанышына айналған танымал опера әншісі Бибігүл Төлегенова Елбасының әжесі рөлін сомдаған «Балалық шағымның аспаны» фильмі жайлы естелігімен бөліскен еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Семей өңірінің тумасы өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, Тұңғыш Президенттің әжесінің образын алып шығу қиынға түскендігін жеткізген еді.
– Шынтуайтында Елбасының әжесі өр мінезді, маңғаздығынан гөрі асқақ кісілігі басым өжет жан болған. Өзі сұңғыла еді. Рөлді сомдау кезінде «соған сай бойшаң болу үшін не істеймін?» деп бас қатырған сәттер де болғанын жасырмаймын. Отырғанда аласа көрінбеу үшін білдіртпей екі жастық қойып, сәл де болса биік отыруға тырыстым. Нұрсұлтан Әбішұлының әжесінің рөлін сомдау маған бұйырған тағдырдың сыйы болды. Осыдан соң «сіз күллі қазақ халқының анасындай болып кеттіңіз» деп жылы лебіздер де айтылды. Ал Елбасының өзіне келсек, оның музыканы ерекше сүйетіндігі жайлы көпшілік біле бермейді, – дейді халық әртісі.