Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына, міне, биыл 175 жыл. Ақынның өмірі өзі айтқандай «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», тар жол, тайғақ кешулерге толы болды. Өкініш пен өксігі көп, қайғысы мен қасіреті мол өлкеде елдің мұңын «асау жүрегінен» шабытты жырлары арқылы ағыта төкті. Ақынның философиялық терең ойлары қазақ даласындағы әр салаға таусылмас азық екені белгілі.
Осы орайда Абай тағлымын сурет өнерімен байланыстырып өткізген Өнер музейіндегі айтулы іс-шаралар легіне тоқталып өтуді жөн көрдік.
Әлемге әйгілі суретшілер келді
Өнер музейі үшін осы жылдың ауқымды шараларының бірі – хәкім Абайдың 175 жылдығына орай «Ғасырларды тоғыстырған даналық» атты көрменің ашылуы болды. Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жастарға насихаттау, ұлы ақынның әдеби әлемін сурет өнері арқылы дәріптеу. Сонымен қатар, Абай әлемінің жұмбақ тұстарына суретші көзімен қарау.
Былтыр 3 – 14 маусым аралығында облыста «Ұлы дала палитрасы» халықаралық пленэр-көрмесі өткізілді. Бұл шара аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және Жастар жылына орай өткізілді. Көрмеге Ресей, Германия, Франция, Түркия, Қырғызстан, Грузия, Литва, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінен және республиканың әр түкпірінен 20 танымал суретші келген. Көрменің ерекшелігі, қылқалам шеберлері Шығыстың ең көркем жерлерінің бірі – Катонқарағай ұлттық саябағындағы «Рахман қайнары» шипажайының аумағында табиғат аясында сурет салған болатын. Енді сол шығармашылық сабақтастықтың жібін үзбей, биыл Абай Құнанбайұлының мерейтойына орай «Біз таныған Абай» атты пленэр көрме ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Шараға өз еліміздің қылқалам шеберлері шақырылады. Сонымен қатар, фотосуретшілер де қатысады. Суреттер арқылы ақынның туған жерін, елін, мәдени салт-дәстүрін әлем жұртына көрсете аламыз. Біз әлем елдеріне Абайды танытсақ, әлем қазақты танитын болады.
Талантты жастарға қолдау көрсетті
Өнер музейі – өңіріміздегі талантты жастарға шығармашылық қолдау көрсететін мәдени ошақтардың бірі. Жуықта ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай «Абай шығармашылығы – балалар көзімен» атты онлайн-байқау ұйымдастырылып, көрме ашылды. Көрмеге 77 суретшінің 88 туындысы қойылды. Мұндағы көркем туындылар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналады. Байқаудың қорытынды көрмесі балалардың шығармашылығына тән жанрлардың әр түстілігімен және бейнелерді берудегі батылдықтарымен ерекшеленеді. Туындылардан жас суретшілер санасындағы ақынның барлық болмысын көруге болады. Ақын образы шебер сомдалған. Балаларды Абайдың пейзаждық және махаббат лирикасы, И.А. Крылов мысалдарының аудармалары қызықтырады.
Бір қуантарлығы, өңірімізде жас таланттар көп. Әсіресе ауылды елді мекендерде басым. Байқауға Тарбағатай, Глубокое, Жарма, Ұлан аудандарынан, сондай-ақ Өскемен және Риддер қалаларынан барлығы 77 жас суретші қатысты.
Тағы бір айта кететіні, байқаудың өтуіне «Казцинк» пен «Ореол Ltd» компаниялары демеушілік көрсетті. Конкурстың қорытындысы бойынша 20 қатысушы жүлделі марапатқа ие болса, 12 қатысушы қазылар алқасының ынталандыру сыйлығын иеленді. Байқаудың бас жүлдесін Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының көркем сурет мектебінің оқушысы Айгерім Мұратова қанжығалады.
- Адам қай заманда болмасын үңгір, күрке, үйді паналаған. Яғни, әр заманның өзіне тән шаңырағы болған. Қазақ қасиетті киіз үйде тұрған. Сондықтан шаңырақты бейнеледік. Абайдың қара сөздерінің мәнін ашқымыз келді. Екінші оқушым Абайдың белгілі "Ғашықтың тілі – тілсіз тіл" деген өлеңін негізге ала отырып өз ой-қиялымен махаббатты сурет арқылы көрсеткісі келді, – дейді Айгерімнің ұстазы Әділет Шоқан.
Көрерменнің көзайымына айналды
Өңірімізде 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап құрамы жас суретшілермен жасақталған "Жаңғыру" шығармашылық бірлестігі өз жұмысын бастаған болатын. Осы орайда суретшілермен бірлесе отырып "Көзімнің қарасы" атты көрме аштық. Көрмеге 30-дан астам туынды қойылды. Туындылар көрерменнің көзайымына айналды десек артық айтпаспыз.
Онда Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Құдаш Нұрсадықовтың "Биіктен қарап тұрар бізге Абай", Ержан Тұрғанбаевтың "Абай. Шыңғыстау. Бәйшешек", Гүлнар Мигражқызының нәзік түстермен бейнелеген "Жас Абай мен Тоғжан", "Ісмерлер. Қараласырмақ", өңірімізге танымал жас таланттар тарбағатайлық Еркебұлан Жакишевтың "Қодардың өлімі", "Қара көз", "Домбыраға қол соқпа", "Киелі ағаш" сынды шығармалары Абай заманын, шығармашылығын ерекше бейнелеген. Сонымен бірге, көрмеде Мәди Қайырхановтың "Қансонарда бүркітші шығады аңға", "Абай", Қуаныш Әділбековтің "Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай" сынды еңбектері орын алған.
Адамзаттың алып ойшылы – Әл-Фараби
Өнер ошағының мақсаты жастарды қолдау болғандықтан сурет көрмелерін жиі ұйымдастырып отырамыз.
Осы жылдың тағы бір маңызды шаралардың бірі философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту. Соған орай Өнер музейінде ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін өркениет философы, ойшыл, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логист, музыкатанушы Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына мерейтойына арналған «Адамзаттың алып ойшылы» атты іс-шара өткіздік. Оның «Даналық негіздері», «Ғылымның шығуы», «Тарихи философиялық трактаттары» атты еңбектері қазіргі ғылымның қайнар көзі.
Бұл көрмеге ғұламаның өмірінен сыр шертетін туындылар қойылған. Философтың ой-тұжырымы біздің ұлттық болмысымыздың түп қазығы десек артық айтқандық емес. Оның артында қалған мол мұрасы ешқашанда өзектілігін жоғалтпайды. Шара барысында өңірдегі оқу ордаларының оқытушылары мен магистранттары әл-Фараби туралы баяндама жасап, ой бөлісті. Сондай-ақ, көрмеге жиылғандар әйгілі ойшылдың ғылым кеңістігіндегі көкжиегінің кеңдігін ашу мақсатында С. Маханбетовтің «Әбу Насыр әл-Фараби» туындысы бойынша челлендж өткізді
Өнер ошағы қос бірдей ұлы тұлғаның бойындағы асыл қасиеттерін жастарға сурет арқылы жеткізуді мақсат тұтты. Бір қуанатарлығы, көрмеге келушілердің басым бөлігі жастар. Алдағы уақытта мәдени шаралар әлі де жалғасын таба береді.
Бекайым Ұябаева,
ШҚ облыстық өнер музейінің директоры.