Бүгін білім гранттары иегерлерінің тізімі жария етілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Білім гранттары иегерлерінің тізімі Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жария етілді. Үміткер сайтқа кіріп, онда https://res.testcenter.kz/grant2017/#searchRes сілтемесіне өтіп, арнайы жолаққа рұқсатнамадағы тестіленушінің жеке коды мен ЖСН-ін енгізу арқылы өзінің білім грантына иеленгенін не иеленбегендігін біле алады. Алайда жүйеге бір мезетте көп пайдаланушы кіргендіктен ресурс жұмысы тұрақты емес.
— Соңғы 5 жыл ішінде алғаш рет жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі өсті. Өткен оқу жылымен салыстырғанда бакалавриат 6 230 орынға көбейді. Осылайша 2017-2018 оқу жылына білім гранттарының саны 37 932 грантқа дейін өсті, — деді вице-министр.
Оның ішінде, 35 082 грант 1 курсқа қабылдау үшін (күндізгі оқу нысаны бойынша — 34 782, сырттай оқу нысаны бойынша — 300 грант), 2 850 орын — жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдері үшін бөлінді.
Бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға жіберілген жоғары оқу орындарының тізімі кеңейтілген. Білім грантын тағайындау конкурсына 63 169 адам қатысты. Оның ішінде 49 858 адам — қазақ тіліндегі оқу бөліміне, 13 311 адам — орыс тіліндегі оқу бөліміне тапсырған.
— Бүгін министрліктің және Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында білім гранттары иегерлерінің тізімі жария етіледі. Сонымен қатар 14 тамызда республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланатын болады, — деді Б.Асылова.