Қала жұртының сөзінше, шенеунік қаланың қақ ортасында бас жоспарды бұза отырып, тұрғындардың біріне екі сотық жерді заңсыз сатқан. Соттасып жатқандарына да бес айдан асыпты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жүз отбасының қарсылығы
Қала тұрғыны Ольга Аксенованың айтуынша, қаланың орталық тұсындағы көпқабатты үйлердің жаны аз уақыттан соң біреудің меншігіне айналмақ. Құжат жүзінде ол жерде жекеменшік сектор бой көтеріп, кейін мал өсіруді қолға алуға құқылы. Қала басшысы Игорь Оконешников оны жеке кәсіпкерліктің біріне сатып, рұқсатын беріп қойған көрінеді. Мәлім болғандай, әу баста бұған 100-ге тарта отбасы қарсы болды.
– Бұл жерде әкім 100 жанұяның тілегін ысырып, бір адамның сойылын соғып тұр. Былтыр күзде осы бойынша арыз жаздым. Күні бүгінге дейін соттасып жатырмыз. Айқай-шудың жалғасып жатқанына бес айдан асты, – деді кәсіпкер Сәуле Бахтиярова.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, былтыр ақпан айының 15-і күні Кауенов С.А.-ға 0,0274га аумақты қамтитын учаске берілген. Нақты мекенжайы – Алтай қаласы, А.Каюпов көшесі, 4А. Аудандық прокуратура өкілдері жеке тұрғын-үй құрылысы бойынша басқа да бұзушылықтар болғанын айтты. Қызығы сол, учаске иесі ол жерге үй емес, кафе салуды жоспарлап отырғанын жеткізген.
«Жерді заңсыз сатып отыр»
Ал Алтай қаласының тұрғындары әкімнің өз жұмысын атқара алмай жүргендігіне сенімді.
– Мұның артында сыбайластық жатқанына сенімдімін. Мұны талай рет айттым. Біздің әкім – жемқор. Олай деуіме менің дәлелдерім бар. Өзінің тамыр-таныстарын араластыру арқылы, жерді заңсыз сатып отыр», – деді Ольга Аксенова.
Жуықта қала әкімінің бұл әрекеті Өскемендегі Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралды. Игорь Оконешников осымен үшінші мәрте атізін салды. Негізінде, А.С.Кауеновке мұның алдында 50 га шабындық жер бөліп берген болатын. Ал Әдеп жөніндегі кеңес өкілдерінің сөзінше, жеке кәсіпкерлік ат шаптырып аумақты өзі пайдаланбады. Себебі, оның малы да, техникасы да жоқ.
Әкім болса, бір адамға Алтай қаласы маңынан екі жер учаскесін бергенін жасырмады. Дегенмен барлығы заң жүзінде іске асқанын, егер беруден бас тартса, бұзушылық болып саналатынын айтып сендірді.
– Шешім қабылдамас бұрын, оның дұрыстығын мұқият сараладым. Тәртіп бұзбадым. 50 га жер теліміне қатысты жауабым, мен оны өрт қаупін болдырмас үшін бөліп бердім. Бұған қатысты меморандумға да қол қойылды. Сол қадамдарым ешкімге қолайсыздық тудырмады деп ойлаймын. Бәрін заңға сүйеніп орындадым, – деді шенеунік.
Қорытындысында, Игорь Оконешниковтың мемлекеттік қызмет имиджін төмендетуі бойынша тәртіптік теріс қылықтың болмауынан, тәртіптік істі тоқтауды жөн көрді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосурет автордікі)