Бір аптада 100-ден астам бала қызылша мен көкжөтелге шалдыққан

211
көрілім
фотосурет ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы қызылша мен көкжөтел ауруларының жағдайы туралы хабарлады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі, Baq.kz сайтына сілтеме жасап .

ҚЫЗЫЛША

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанып келе жатқанын хабарлады.

Оның ақпараты бойынша, соңғы аптада елде қызылшаның 94 жағдайы тіркелген. Алдыңғы аптамен салыстырғанда ауру көрсеткіші 72 жағдайға төмендеген.

Жалпы қаңтар айынан бастап Қазақстанда қызылшаның 27 638 жағдайы тіркелген.

"Биылғы маусым айында 2023 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда ауру 91%, ал биылғы мамырмен салыстырғанда 42,5%, яғни 683 жағдайға төмендеген", - деді ол.

КӨКЖӨТЕЛ

Көкжөтел туралы айта келе, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бұл инфекцияның таралуын "қолайсыз" деп атады. Алайда, Ахметованың айтуынша, шілде айының басынан бастап төмендеу үрдісі байқалады. Осылайша, соңғы аптада көкжөтелдің 60 жағдайы тіркеліп, алдыңғы аптамен салыстырғанда 50 жағдайға төмендеген.

Жыл басынан бері барлығы 1 793 көкжөтел жағдайы тіркелген, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 8,9 құрады. 2022 жылы Қазақстанда небәрі 3 жағдай, ал 2023 жылы 421 жағдай тіркелген.

“ВАКЦИНАДАН ҚОРЫҚПАУ КЕРЕК”

Шенеунік ата-аналарды вакциналардан қорықпауға және балаларға уақытында екпе жасатуға шақырды. Ол ауыр жұқпалы аурулардан қорғанудың жалғыз жолы иммунопрофилактика екенін түсіндірді.

"Қызылша мен көкжөтел ауруы екпе алмаған балалар есебінен тіркеліп отыр, олар ауырған балалардың 80-90%-ын құрайды. 61% бала ата-аналарының бас тартуына байланысты екпе алмаған, 22% - медициналық қарсы көрсеткіштерге байланысты, 17% - екпе жасына жетпегендіктен алмаған. Вакцинамен басқарылатын инфекциялардың өсуі әр 3-5 жыл сайын байқалады”, — деді Ахметова.