Бір шөкім тұз, екі тал сіріңке, жарты бөлке нан...

406
көрілім
Шартты фотосурет

Адамзат тарихының дамуының ең алғашқы кезеңі тас дәуірі екенін әлем тарихшыларының тарих жылнамасына таңбалап бекіткенін білеміз. Адамзат баласының топтасу жүйесі тобыр одан кейін саналы даму деңгейімен рулық топтасу болса, тұтастылық пен бірігудің арқасында тіршіліктің алып күшіне айналғанын сезген тіршілік иесі тайпалық топтасуға жол тартты. Одан кейін кезең-кезеңімен нәсілдік, елдік, дүние бөліктері материктік мекенімен, мемлекеттік, ұлттық, діни ұстанымы бір, саяси көзқарастық, даму жүйесіндегі бағыттармен бірігуге айналды. Бұл кезеңдік топтасу әрі бірігудің арқасында адамзаттың жер бетінде өзге тіршілік иелерінен үстем тұрып, өз дегеніне қолжеткізіп табиғи сыртқы күштерден жоғары тұруына ұмтылу болды.

Бұл бірігу жүйелілік біздің ұлтымызда да әр кезеңмен орын алғаны анық. Қазақ даласында туыстық, рулық, жүздік, ұлттық бірігу мен тұтастылық кезеңі болғанын ешкімде жоққа шығармасы анық. Бірігу мен тұтастық қазақ ұлтының сан ғасырлық берекесі мен бірлігінің, бір-біріне деген мейірім мен қайырымның, туыстық пен бауырмашылдықтың ең бастысы адамзат баласының, тіршілік иесінің барлығы туыс екенін айшықтап, мейірім мен қайырымның шырағын өшірмегені анық. Осы бір қасиетті ұғым мен туыстық қатынасты бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келгенінің арқасында жер бетіндегі адамзаттың алапат соғысы мен қиянатынан, күштінің - әлсізді жоюынан, жоқшылық пен аштықтан аман қалған ұлттардың бір екенімізді ұмытпағанымыз жөн.

Дана халқымыз "бірлік бар жерде тірлік бар" деп бекер айтпасы анық. Береке мен бірліктің арқасында не бір қиындықтар мен жоқшылықтарды бір кісідей еңсерген ұлтымыз, сонау аштық жылдары, тар жол тайғақ кешу, зар заманда, қазақ ұлтын қынадай қырған қиямет күндерінде, сұрапыл соғыс жылдарында осы береке мен бірліктің қайырым мен адамгершіліктің арқасында бір уыс дәнді бөліп жеп, көк сүтті бөліп ішіп, қара суды қанағат тұтып сынақ дәуірінен құр сүлдері қалсада, сағын сындырмай пышақтың жүзіндей заманынан өлмей өтті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, тобықтан қаққан тоқырау кезеңінде біздің халық әлеуметтік әрі тұрмыстық жоқшылықтардың барлығын бабадан жалғасып, қанға сіңісіп кеткен бірлік пен берекенің, барын жоққа беріп, жоғын бардан алып тату тірліктің, ортақ мүдденің арқасында еңсергені анық. Бұл жағдай орта буын ағалардың әлі есінде. Кеңестік жүйе келмеске кетіп, еңбек қазанының оты сөніп, елдегі алып завотар мен совхоздардың тіршілігі құрдымға кетіп, қос иығынан ауыр демалып тұратын еңбек атасының тынысы тарылып халықтың табан ет, маңдай тер еңбектері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барды. Дүкен сөрелері қаңырап бос қалды. Зейнетақы, еңбекақы төлеуге жаңа құрылып жатқан жас мемлекеттің ақшасы да, жағдайы да болмады. Ауылдар мен қалалар әлеуметтік жоқшылық пен тұрмыстық тоқырауға ұшырады. Міне, осы бір ауыртпашылық кезеңде ең бастысы қазақ халқы бабалар аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне қуанып, жоқшылықты шүкірлікпен өткеруге бел шешіп, жас мемлекет Қазақстанның құрылымдық жүйесінің қалыптасу кезеңінде ел азаматтарына демеу болуда бірлік пен берекенің, шыдамдылық пен төзімнің нышанын берік ұстанды.

Тоқырау жылдарындағы жоқшылық ұлттық болмысымыздың жойылмағанын тағы бір мәрте анықтай түсті. Олай дейтініміз ауыл ішінде береке мен бірліктің, татулық пен туыстық қарымқатынас жанданып, көрші мен көрші барды бөліп жеп, жоққа сабыр етіп "көрші ақысы-тәңір ақысы" деген мәтелді жандандыра түсті. Оның бізде куәсі болдық. Көрші үйге бір шөкім тұз немесе шай сұратып үйдегілер жиі жүгіртіп жіберетіні, бір шайлық сүтті кесеге бөліп құйып, бір кесе шемішкенің майын бөлісіп тұтынған кездерде әлі есімізде. Түсте көрші балалар мен тезек теріп, шырпы жинап бір-бірімізге болысып, кішкенелерге терісіп берекенің арқасында түстік астың отынын жинап әкелетінбіз. Кей күндері от жағарда сіріңке таусылып қалып (ол кезде сіріңке де таптырмайтын тұрмыстық қажеттіліктің бірі болатын) көрші үйге жүгіріп барып екі немесе үш тал сіріңке алып келетінбіз. Кей кездері түскі асты ішкелі жатсақ көрші үйдің баласы жүгіріп келіп " Апай, мамам жарты бөлке нан бере тұрсыншы, түстен кейін нан салушы едім,-деп айтты"-деп келіп тұратын. Бұл жағдай көршілер арасында алма-кезек орын алып тұратын. Сонда анамыз дастарханға турап жатқан нанның тең жартысын көрші балаға кесіп беретін. Әңгімемізде өрбітіп отырған тұрмыстық тұтынудағы қажеттіліктерді сол кезде бөлісіп тұтыну мен бір-бірінен сұрау қалыпты жағдай болатын еді.

Ауылдан Алматыға аттанған ауыл тұрғыны бар қажеттілігін, жолға керек сөмкесіне дейін, жасыратын несі бар бір киерлік кимнің өзін көрші-қолаң мен ағайын-туыстан алып толық қанды жолға дайын болатын. Бар көршіні және туған-туысқанды жинап сапар шайын беретін. Жоқ болсада асжаулығына барын салып елдің батасын алып сапарына аттанатын. Сапаршы келгенше ауыл жұрты мен туған ағайын оның аман келуін тіліеп, елеңдеп отыратын. Біз, бала болсақта ауылдың балаларымен Алматығы көз тігіп ұзын жолды қарайлап, күн санаумен болатынбыз. Олай етуіміз келер жанның Алматыдан әкелетін алмасы мен тәттісін тосу еді. Ол біздің туған болмаса да, ауыл тұрғыны көрші болғандықтан балаларына әкелген тәттіден бөлісетінін анық білетінбіз. Әрбір тұтынған затын сапаршы иелеріне таратып жанына Алматының исі аңқыған алмасын сәлемдеме ретінде қосып беретін. Сол кездері сөмкеге салған Алматының апортының хош иісі ұзаққа дейін үйдің ішін алып тұратын.

Ауыл үлкендері тоқырау заманы болсада бір-бірінің үйіне кіріп қал сұрасып жиі амандық білісіп отыратын. Ал көршілер күніне бір кіріп жағдай біліспесе ішкен асы ас болмайтын еді. Ауыл ағайынның берекесі мен мерекесі де осы болатын. Жоқшылықтағы берекенің арқасы жарты құрсақ ағайының көңілін тоқ қылатын кез еді. Бұл жерде балалардың жаңағыдай жүгіріп келіп, бір шөкім тұз, екі тал сіріңке, жарты бөлке нан, бір шыны сүт алуы, қарайлап жол тосуы барлығы сол кездегі көрші мен көршінің бастысы адамның бір-біріне жақын екенін, қайырымдылық пен мейірімділіктің, туысқандылық пен бауырмалдылықтың ұрпақ тәрбиесіндегі кезеңдердің бірі еді.

Қазір қоғам арасындағы кейбір көптеген қатыгезділік пен мейірімсіздіктің, кей оқушылар мен жасөспірім балалардың арасындағы келеңсіз жағдайлар мен бірін-бірі аяусыз соққыға жығуы, әлдісі-әлсізін келеке етуі, көрші мен көрші араздығы, туысқан мен туған арасындағы соттасу, ата-ананың қадірінің кетуі, тастанды балалардың көбейуі барлығы тоқшылық пен барлықтан туындап жатқан мәселе ме деп ойлаймын. Бұрынғыдай көршінің отауына кіріп қал-жағдайын сұрау былай тұрсын, туған-туыстың арасындағы жылылық пен мейірім жоғалып барады. Адам баласында барлық болып, төрт құбыласы теңескен сайын, әлеуметтік және тұрмыстық қатынастар алыстаған сайын не бір жағдайлар орын алып, адамның бір-біріне деген мейірімі мен шапағаты, рулық, туыстық, ауылдастық, ұлттық мүддесі жоғалып барады. Ауыл берекесі, көрші ақысы, туыстық парыз, достық қатынас, адами қасиеттерден мүлде алыстап бара жатқан сияқты емеспіз бе?

"Семіздікті қой ғана көтереді" деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бұл мәтелдің түбіне үңілетін болсаңыз бүгінгі қоғамның қай саласы болмасын, осы мәтелде анық көрініс табатыны саналы жанға көрініп тұратыны анық. Тоқырау жылдарындағыдай қазір бір бөлке нан немесе бір шөкім тұз сұрап көршіге бара қалсаңыз, ертесімен ауыл ішіне теріс пікірдегі әңгімеге қалатыныңыз анық. Құлап жатсаңыз қол ұшын беретіндерденгөрі миығынан күліп, келеке ететін ауылдас пен ағайын көбейді. Біз барлықты бағалай алмай, тойғанға тоба қылмай, береке мен бірліке, мейірім мен қайырымға арқамызды беріп, томардай томырайып тоңмойындық танытып, ағайын арасын аша беретін болсақ, ұлттық мүдде мен туыстық қатынасты, ұрпақ сабақтастығы мен адами қасиеттегі тәрбиелерді әрі әлемде жоқ ұлттық құндылықтарды жойып алуымыз ықтимал.

Бүгінгі жаһандық дамуы дәуірінде, уақыттың сынаптай сырғыған шағынан қалыс қалмай, өткен шақтағы бір шөкім тұз, екі тал сіріңке, жарты бөлке нан сұраған кезеңнің қадірі мен қасиетін жоғалтып алмай болашаққа қадам жасауымыз қажет.

Бабалар аманаты Тәуелсіздігімізді арандатушылар мен теріс пиғылды жандардың жамбасына жығып бермей, берке мен бірлікті, татулық пен достықты, бойымызда көнеріп бара жатқан адами құндылық пен қасиетті жандандыра отырып бір мүддеде азат елдің жарқын болашағы мен ертеңіне аянбай еңбек еткеніміз жөн!

Еркебұлан Зағыпаров

ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі