Облыстық Полиция департаменті өкілдері жуықта есірік су ішпейтін елдімекендерді атады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Мәлім болғандй, тізімге іліккен ауылдарда бірде-бір құқық бұзушылық һәм қылмыс тіркелген жоқ. Соңғы уақытта аймақтағы көптеген елдімекен тұрғындары ащы суға салынғандар саны айтарлықтай азайғанын айтып жүрген болатын.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы уақытша бейімделу орталығында 5000-нан астам адамға көмек көрсетілді. 370-тен астам тұрғынның алкогольдік тәуелділікке тап болғаны анықталды.
Облыстық Полиция департаментінің ақпаратынша, аймақтағы төрт ауылдың тұрғындары ішімдік атаулыдан мүлде бас тартқан. Олар: Көкбастау (Катонқарағай ауданы), Теректі Бұлақ (Күршім ауданы), Жанұзақ (Ұлан ауданы) және Байтоғас (Тарбағатай ауданы) елдімекендері.
Тәртіп сақшылары мұның басқа да аудан тұрғындарына үлгі болатындығына сенім білдірді.
Асыл АЙТБАЕВ (Фотосурет Mail.kz сайтынан)