Еліміздегі білім ордаларынан түлеп ұшқалы отырған түлектер мектеп бітіру кештерін 2018 жылғы 15 маусымда өткізетін болады. Бұл жайлы ақпарат Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің блогында жария етілген.
– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2018 жылғы 15 маусымда 2017-2018 оқу жылының түлектеріне сертификат тапсыру үшін өткізілетін салтанатты іс-шараның бірыңғай күнін белгіледі. Салтанатты кешті жалпы орта білім беру орындарында ұйымдастыру үшін Астананың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» шарасын өткізудің концепциясы бекітілген, – делінген хабарламада.
Айта кету керек, осыған дейін оқу жылының аяқталу мерзімі мен мектептегі қорытынды емтихандардың өту уақыты нақтыланғаны айтылған болатын. 9 (10) сынып оқушылары қорытынды емтихандарды 2018 жылдың 28 мамырынан 8 маусымына дейін тапсырса, мемлекеттік емтихандар 2018 жылдың 29 мамырынан 30 маусымына дейін жүргізілмек. Ал 11 (12) сынып емтихандары 2018 жылғы 29 мамырда басталып, 9 маусымға дейін жалғасады.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ