Қордың мәліметінше, алаяқтар "БЖЗҚ" АҚ қызметкері болып телефон соғып, салымшының зейнетақы шотын ашу үшін қандай да бір банк шотын толтыруды сұрайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
"Қоңырау шалушылардың айтуынша, зейнетақы шоты сот ісін жүргізуге өтемақы төлеу бойынша шетелдік банктерден төлемдер қабылдау үшін қолданылады екен. Егер ақша аударудан бас тартсаң, зейнетақы шоты бұғатталып қалатын көрінеді", - делінген хабарламада.
БЖЗҚ қор қызметкерлерінен мұндай қоңырау түспейтінін ескертіп, түскен жағдайда әңгімені тоқтатуды сұрады.
БЖЗҚ "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның 50-бабының 3-тармағына сәйкес, салымшының (алушының) борышы бойынша зейнетақы жинағына тыйым салуға немесе өндіріп алуға рұқсат етілмейтінін еске салды.
"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңның 98-бабы 14тармағына сәйкес, салымшының (алушының) борышын зейнетақы жинағы есебінен өндіріп алуға болмайды.
"Осылайша, сот орындаушы немесе кез келген үшінші тұлға сіздің жеке зейнетақы шотыңыздағы зейнетақы жинағынан қаржы өндіре алмайды. Сіздің жеке зейнетақы шотыңыз ешқандай жағдайда бұғатталмайды!", - дейді мамандар.