2017 жылы Аягөз қаласының бірнеше көшесіне жарық шамы орнатылмақ. Аудан әкімі Бақытжан Байахметовтың айтуынша, көше шамдарын орнату жұмыстары көліктің және жүргіншілердің көп жүретін аумағынан басталады, деп хабарлайды buqara.kz сайтының тілшісі.
– Биылғы жылы Аягөз қаласындағы бірқатар көшелерге жарық шамын орнатайық деп отырмыз. Оларға жарық шамдары сын көтермейтін Жамбыл, Тоқсанғазина, Шәкәрім көшесінің аяғы, Гагарин, Көшкімбаев көшелері жатады. Айта кету керек, қаланың 60%-ына энергия үнемдейтін шамдар орнатылды. Оның бағасы сәл қымбаттау, десе де сол қаржы энергияны үнемдеумен кері қайтып келеді, – дейді Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметов.
Қоса кетсек, Аягөз қаласының Ә.Теңірбергенов, Х.Дүйсенов, Б.Момышұлы, Ақтамберді, Нұралинов, Сейфуллин, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр көшелері мен Абай бульвары, №21 және №23 көпқабатты тұрғын үй аулаларына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, тал, гүл және жасыл екпелерді егуге 115 млн. теңгеден астам қаржыға бюджеттік ұсыным әзірленіпті.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ