Еліміздегі карантин мерзімінің ұзартылуына байланысты ағымдағы жылдың 31 шілдесі күні құрбан айт намазы оқылмайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы ШҚО ақпараттық орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы Мұхатай Ермек қажы Тасболатұлы мәлім етті.
Осы жылы құрбандыққа шалынатын малды онлайн тапсырыс беру арқылы қашықтықтан шалуға болады. Ол үшін Qurban2020.kz сайтына кіріп, ірі немесе ұсақ малды таңдап, тиісті ақысы төленеді. Кейін малдың сойылғаны жайлы ақпаратты өзіңізге жібереді. Брифингке қатысқан бас имам осылай деді.
Мұхатай Ермек қажы Тасболатұлының айтуынша, 30 шілде – Арапа күні, 31 шілде мен 1-2 тамыз күндері – Құрбан айт.
– Арапа күні ораза тұтуға рұқсат. Құрбан айтта ақсақ, ауру немесе соқыр малды союға болмайды. 1 жасқа толған қой мен ешкіні немеме 6 айға толған дене бітімі ірі семіз тоқты, 2 жасар сиырды, 5 жасар түйені құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі, - деді Ермек қажы Мұхатай.
Брифинг барысында бас имам өңір тұрғындарын айт кезінде қонаққа бармай, үйде отырып, карантин режимін сақтауға шақырды.