2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қатонқарағай ауданындағы ауылдардың 98,8% пайызы сумен қамтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір Қатонқарағай ауданында 27 ауыл бар. Ресми ақпаратқа сенсек, оның 26-сы сумен қамтамасыз етілді.
- Орталықтандырылған су жүйесіне қосылған ауылдың саны – 21. Блок-модульді станциялар 5 ауылда ғана орнатылған. Су жүйесі тартылмаған Шұбарағаш ауылында 11 адам тұрады, - делінген мәліметте.
Бүгінде бұл ауылда оңтайландыру жұмыстары жалғасып жатыр.
- Биыл Қатонқарағай мен Топқайың ауылдарында су құбырларын жөндеу үшін 2 жоба ұйымдастырылды. Бұл жобаға 5 075,4 млн. теңге, және 2 077,8 теңге қаражат жұмсалмақ. Жоспар бойынша Топқайыңда су құбырларын жөндеу жұмысы осы жылдың аяғында бітеді, -деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархат Белбеев.
Оның айтуынша, алдағы уақытта басқарма және аудан әкімдігі бірлесіп, блок-модульді станциялар орнатылған барлық үйге таза ауызсу қосу үшін кешенді жобаларды іске асырмақ.