Биыл күрес түрлерінен ел чемпионатына ресейлік легионер қатысты

209
көрілім

Елордада өткен бозкілем бәсекесінде Ресей намысын қорғаған Начын Куулар өнер көрсетті. Осыған дейін бұл туралы ресми ақпарат еш жерде шыға қоймаған еді. Қалың көрермен жуықта ғана мүмкіндігін өз көздерімен көріп қайтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір ресейліктердің көптеген елдердің есігін қағып, сол жақтан жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болып жатқаны таңсық дүние емес. Жерлесіміз Данияр Қайсанов алдағы уақытта екпін алып, 74 келіге дейінгі салмақта Ұлттық құраманы тізгіндер болса, қарсылас жетіп жатыр. 2020 жылғы Әлем Кубогінің иегері болған Разамбек Жамалов Өзбекстанның атынан сынға түсетін болып жатыр.
Сол сияқты Ресейге қарасты Тува Республикасының тумасы Начын Куулар да Қазақстан атынан сынға түседі. Спорт және дене шынықтыру комитеті ақпаратынша, ресейлік легионер еліміздің азаматтығына қол жеткізді. Енді ол 65 келіге дейінгі салмақта Құрама тізгінін өз қолына алуға тырысады. Құжат жүзінде ол сайыстарда Шымкент қаласының атынан бақ сынайды. Бірақ халықаралық додаларға әлі шыға алмайды. Себебі, спорттық азаматтық алған жоқ.
Тувалық палуан қазір 28-де. Биылғы Париж Олимпиадасында бақ сынай алмайтыны белгілі. Спорттық сайыстардың талабына сәйкес палуандар басқа елдердің атынан сынға түскенде үш жыл көлемінде әлемдік аламандарға қатыспайды.
Ал одан кейінгі төрт жылды есепке алсақ, Начын Куулар 32-ге толады. Оның өзінде, ішкі бәсекелестік бар, жоқ жерден келіп жабысатын жарақаттар бар – бабын ұстап тұру қиынға соғады.
Алдағы 1-2 жылда оның қарқын алуы ғажап емес. Астанадағы біріншілікте өз салмағында қола медаль иеленді. Жартылай финалда жамбылдық Санжар Мұхтарға 6:7 есебімен жол берді. Көп жанкүйер төрешілер легионерге әділетсіздік жасады деп жатты. Дегенмен қимылы ширақ, жасаған әдістері да жарқын. Оның ең үздік нәтижесі – Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, әскерилер арасында үш дүркін Әлем чемпионы. Оның ел біріншілігінде өнер көрсетуіне қатысты пікір білдірген ҚР күрес федерациясының баспасөз қызметіндегілер егер ол отбасымен Қазақстанға көшіп келіп, осы мемлекеттің азаматтығын алса, оның жарыстарға қатысуына кедергі бола алмайтындықтарын жеткізді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ