Өңірде барлығы 343 мектеп бар, оның 147-і мемлекеттік тілде, 101-і орыс тілінде, қалған 95-і аралас тілде жұмыс істейді. Ұзын-саны 97 366 оқушы бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олардың 46%-ы (44839) мемлекеттік тілде, ал 54%-ы (52527) орыс тілінде білім алуда. Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл 1 сыныпты 10 380 бала бітірді. Ал 9 сыныпты 9511 оқушы аяқтап, мемлекеттік емтиханды сәтті тапсырды. Оның ішінде, 986 түлек үздік аттестат иегері атанды. 4247-сі (45%) оқушы облыстағы 39 колледжге түссе, қалғандары 10 сыныпта оқуын жалғастырады. Мәлім болғандай, облыста 3847 түлек мектеппен қоштасты. 256 оқушы «Алтын белгіні» ақтап, 413-і үздік аттестатқа ие болды. Түлектердің 83%-ы (3176) ҰБТ тапсырды.
- Жалпы оқу жылының қорытындысы бойынша облыс мектептерінде оқушылардың білім сапасының оң нәтижесі байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда 0,4%-ға өсу бар (2023 ж – 66,7%, 2024 ж – 67,1%). Осы тұста мектеп оқушыларының түрлі деңгейдегі зияткерлік сайыстарға белсене қатысуын атап өткен жөн. Биыл олар 133 медаль жеңіп алды. Оның 32-сі алтын, 34-і күміс, 67-сі қола. Облыс құрамасы жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасында жалпыкомандалық 1-орынға ие болып, «Үздік олимпиадалық команда» номинациясымен марапатталды, - деді білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Шаухина.
Қымбат МУХАМАДИЕВА