Аймақта тұрғындар денсаулығын нығайтуға, кадрлық әлеуетті күшейтуге баса мән беріліп, биылдың өзінде бюджеттен 38,1 миллиард теңге қарастырылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
1998 жылдан бастап маусым айының әрбір үшінші жексенбісінде ел көлемінде медицина қызметкерлері күні атап өтіледі. Осы күні барша ақ халаттыларға жылы лебіз, ақжарма тілектер легі тіптен молаяды.
– Шығыс Қазақстанда кәсіби, өз ісіне адал дәрігерлердің, орта және кіші персоналдың үлкен және ұйымшыл ұжымы жұмыс істейді. Мереке – әрбіріне деген құрмет, өйткені олар біздің денсаулығымызды, тіпті десеңіз өмірімізді қорғайды. Өз кезегінде біз өңірде денсаулық сақтауды дамыту үшін көп жұмыс атқарамыз: бірегей медициналық орталықтар мен бөлімшелер ашамыз, жаңа жабдықтар сатып аламыз, дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттырамыз. Мұның бәрі пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік береді. 2020-2021 жылдары біздің дәрігерлер коронавируспен күресте алдыңғы қатарда болып, адамдарға тек дәрігерлік қана емес, психологиялық көмек пен қолдау көрсете білді, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтау сөзінде.
Айта кету керек, өңірде 700 медициналық нысан жұмыс істейді. Облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде 16 370 медицина қызметкері, оның ішінде 4 434 дәрігер және 11 936 орта медицина қызметкері бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, биыл медицина кадрларын оқыту және біліктілігін арттыру бағдарламасын іске асыруға облыстық бюджеттен онкогематология, гематология, кардиология, акушерия және гинекология сияқты басым бағыттар бойынша 840,2 миллион теңге бөлінді. Наурыз айынан бастап Израильдің, Германияның жетекші клиникаларында 29 медицина қызметкерін оқыту басталды.
– Облыстың медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде 417 бірлік медициналық жабдықты сатып алуға 3,5 миллион теңгеден астам, сондай-ақ 36 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге тиісті қаражат бөлінді, – делінген мәліметте.
Осы жетістіктердің барлығы медициналық техникамен жарақтандырудың және медицина кадрларын оқытудың кешенді бағдарламасын іске асырумен негізделген.