2017 жылы көші-қон бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстанға шамамен 100 шақты отбасы көшіріледі. Бүгінгі күнге дейін белгілі болғандай, 135 адам Оңтүстік Қазақстаннан көшіп келсе, қалғаны Алматы және тағы басқа облыстардан қоныс аударады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Жұмыс күші жетіспей жатқан өңірлерге халықты көшіру жұмысы 2014 жылдан бері жүргізіліп келеді. Сол жылы ШҚО-ға 60 отбасы көшіп келген болатын.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне сәйкес, 2017 жылы Шығысқа көшірілетін халықтың ішінде мұғалімдер мен медицина саласының қызметкерлері, ауыл шаруашылығының мамандары бар. Қоныс аударушылардың көбі Шемонаиха ауданы мен Риддер қаласын таңдап отыр. Қоныс аударушы халықты баспанамен қамту үшін аталған өңірлерде екі бірдей көпқабатты үй тұрғызылып жатыр.