Биыл жол жөнделе ме?

446
көрілім

- Опытное поле ауылына қатынайтын №8 және 8А бағытындағы автобустардың жүргізушілері көктемнен бері жолдың нашарлығын сылтауратып, соңғы аялдамаға дейін жеткізбей жолаушыларды жарты жолдан түсіріп кететін болды. "Әкімдерің жолды жөндесе ғана барамыз" деген жүргізушілер тұрғындардың шағымын құлақтарына да ілмейді. Набережная және Инициативная көшелері көктем шықса болды, қырық жерден ойлы-шұңқырлы болып қалады. Жыл сайын қайталанып келетін бұл қиындықтан әбден мезі болдық. Білгім келетіні, әкімдік биылғы жылы аталмыш көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізе ме, жоқ па?

Глубокое ауданынан тұрақты оқырман

Сіздің сұрағыңызға жауап берген Опытное поле ауылдық округінің әкімі Татьяна Селезнева жолдың жабылып, автобустың жүрмей қалуына тұрғындардың кінәлі екенін айтады.

- Автобустар қозғалысы 2018 жылдың 10 наурызынан бастап таудан аққан қар мен жаңбыр суына байланысты тоқтатылды. Тұрғындар қыстайғы күл-қоқысты көшеге төгетіндіктен, судың еркін ағуына кедергі жасайды. Ол үшін үй ауласындағы судың аңғарын жасап, бұру қажет. Бұл жөнінде әкімдік қызметкерлері тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бірақ көпшілік оған құлақ аспайды, сондықтан жол үстіне су жиналып, қоғамдық, жеңіл және жүк көліктерінің қозғалысыне, жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруын қиындатады.

Ауыл әкімінің айтуынша, аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдарға қызмет көрсету үшін әкімдік мемлекеттік сатып алулар жүргізіп, "Носко Д.В." және "Шахова О.А." жеке кәсіпкерлерімен жолдарды тазалап, қиыршық құм төгу жөнінде келісім-шарт жасасқан.

- 2018 жылғы қаржыландыру жоспарына сәйкес, Инициативная және Набережная көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Тек көктем-жаз маусымында аталмыш көшелерге қиыршық құм төсеу жұмыстары ұйымдастырылады.

2018 жылы Степная көшесіндегі 4-үйден Горная көшесінің 1-үйіне дейінгі Опытное поле ауылдық амбулаториясына және орта мектепке баратын жол жөндеуден өткізілмекші. Ауыл әкімінің хабарлауынша, жөндеу жұмыстары биылғы жылдың маусым-шілде айларына жоспарланған.