Биылғы жылы ауланатын балықтың лимиті белгілі болды

457
көрілім

Қысы-жазы қолына қармағын алып көл жағалайтын балықшының бәрі бірдей заң баптарын бір кісідей біле береді деуге келмес. Әрине, көзін тырнап ашқаннан бері осы кәсіпті талғажау еткен тісқаққан балықшының жөні бір бөлек. Біздің бүгінгі әңгімеміз балық аулауды кәсіптен гөрі ермек көрген қарапайым тұрғын үшін арналды десек те болады. Бірақ, бұл ақпараттың балықшылықпен кәсіби түрде айналысатын адамдарға да артық етпесі анық. Жалпы, елімізде балықты кез-келген адам аулай ала ма, оны аулау тегін бе? Қай аумақтарда, қай кезде аулауға тыйым салынған? Осы және басқа да сұрақтарға жауап берген ШҚО бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Талғат Рахымжанов өңіріміздегі өзен-көлдердің барлық аумағында дерлік балық аулауға болмайтынын айтады…

Жауапкершіліктен босатпайды

- Қай балықшы болмасын балық аулауға шықпас бұрын еліміздің осы саладағы заңнамасын белгілі бір деңгейде білгені дұрыс, - дейді инспекцияның Балық шаруашылығы бөлімінің бастығы Талғат Рахымжанов. - Бұл жөнінде кез-келген балықшының ойлана бермесі анық. Заңды білмеушілік заңсыз балық аулаған балықшыны жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан қай адам болмасын құрықты қабынан шығарып, қармақ салмас бұрын заңнамаға үңілгені жөн. Яғни, әр балықшы балық аулаудың заңдылықтарын білуі керек. Өйтпеген жағдайда оп-оңай заңбұзушылыққа жол берілуі ықтимал. Мұның арты бірқатар орны толмас мәселелерге ұрындырып, демалыстың шырқын бұзып, әмиянды жұқартуы мүмкін.

Құзырлы мекеме өкілінің айтуынша, өңірімізде кез-келген адам еркін, әрі тегін түрде балық аулай алатын көрінеді. Бірақ, балық аулайтын өзен-көлдің бөлігі арнайы режимге енгізілген аумақ болмаса болғаны.

- Дегенмен, кейбір рұқсат етілген тоғандардың өзінде заңнамамен тыйым салынған қандайда бір шектеулерге тап болуыңыз ықтимал, - дейді бөлім басшысы. - Мұндай заңбұзушылық үшін адамға әкімшілік айыппұл салынып, кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, яғни қамаққа алынуына әкеп соғуы мүмкін.

Сонымен, заңсыз балықшылықтың түрлері қандай және қай өзен-көлдердің қай бөліктерінде қай кезде балық аулауға тыйым салынғанын білгіңіз келе ме? Ендеше келесі ақпаратқа назар салыңыз.

Уылдырық шашу және балық пен басқа да өзен-көлдерді мекендейтін жануарлардың санын көбейту кезінде келесі орындарда балық аулауға тыйым салынады:

1) 16 сәуірден 30 мамыр аралығында Зайсан көлі мен Бұқтырма суқоймасының Қарақастан бастап Баты шоқыларына дейінгі аумағында.

2) 1 мамырдан бастап 15 маусым аралығында Бұқтырма суқоймасының Баты шоқыларынан Бұқтырма ГЭС-не дейінгі аралығындағы терең суларында.

3) 10 мамырдан бастап 10 маусым аралығында Шүлбі және Өскемен суқоймаларында, Ертіс өзенінің Өскемен ГЭС-нен Шүлбі суқоймасына дейінгі және Шүлбі ГЭС-нен Павлодар облысымен шектесетін әкімшілік шекараға дейінгі аралығында.

4) Сиг тұқымды балықтарды Зайсан көлінде, Бұқтырма және Өскемен суқоймаларында, Ертіс өзенінің Өскемен ГЭС-нен Шүлбі суқоймасына дейінгі және Шүлбі ГЭС-нен Павлодар облысымен шектесетін әкімшілік шекараға дейінгі аралығында аулауға болмайды.

Сондай-ақ, балықтың емін-еркін өсуіне жағдай жасау үшін өңірдің өзен-көлдерінің келесі аумақтарында жыл бойына балық аулауға тыйым салынған:

- Зайсан көлінің солтүстік-батыс бөлігі, Ұлтарақ мүйісі мен бұрынғы Ескі Қарақас кентін жалғайтын сызықтан сәл батысқа қарай;

- Қара Ертіс өзенінің Зайсан көліне құяр атырабында, Аманат-Сақтаған-Қамыс зауыты сызығынан шығысқа қарай;

- Қара Ертіс өзенінің Зайсан көліне құяр атырабынан Қытай Халық Республикасының шекарасына дейінгі аралығы;

- Ойран-Зеленое сызығынан шығысқа қарай, Тораңғы шығанағы;

- Үлкен Нарын ауылының жанындағы шығанақ, Қозғалмалы механизацияланған колонна мүйісі мен Қуандық мүйісін жалғайтын сызықтан шығысқа қарай;

- Бөкен, Көкпекті, Күршім, Бұқтырма, Нарын, Қалжыр, Ақ Қаба, Қара Қаба, Ақсу, Кендірлік өзендері мен оларға құятын кіші-гірім бұлақтарда бастауларынан бастап балық кәсіпшілігіне арналған аулау құрылғыларын қолдануға тыйым салынады;

- Шүлбі суқоймасының Қызылсу, Шүлбі, Ковалевский, Осиха шығанақтарында, Өскемен суқоймасының Таловский шығанағы мен Оба өзенінің Ертіске құяр тұстарында балық кәсіпшілігіне арналған аулау құрылғыларын қолдануға тыйым салынады;

Шегі бар

- Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушысының бекіткен 2015 жылғы 15 ақпандағы ережесіне сәйкес, балық шаруашылығы субъектілерінде балық және басқа да су жануарларын аулау лимиті "Балық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы ШҚО Ассоциациясы" ұйымының рейтинг қорытындысы бойынша бөлінеді, - деп қосты Талғат Рахымжанов. - Биылғы жылдың 1 ақпанында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары-Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Балық шаруашылығы су айдындарында балық және басқа да су жануарларын 2018 жылдың 15 ақпанынан бастап 2019 жылдың 15 ақпанына дейінгі кезеңге аулау лимиттері туралы" №58 бұйрығы шықты. Аталмыш бұйрыққа сәйкес, балық аулаумен айналысатын шаруашылықтар 2018 жылдың наурыз айынан бастап жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат қағаздарын алып, бекітілген су айдындарында балық аулауды бастап кетті.

Оқырман назарына Шығыс Қазақстан облысының өзен-көлдерінен 2018 жылдың 15 ақпанынан бастап 2019 жылдың 15 ақпанына дейінгі кезеңінде ауланатын балық лимитін ұсынамыз.

Өзен-көлдің атауы Ауланатын балық лимиті
Бұқтырма суқоймасында 1734,1 тонна
Зайсан көлінде 4567,53 тонна
Шүлбі суқоймасында 198,9 тонна
Ертіс өзенінің облыс аумағында 0,35 тонна
Өскемен суқоймасында 18,953 тонна
Алакөлде 37,356 тонна
Сасықкөлде 40,275 тонна

***

"Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін" түйсек, биылғы жылға бекітілген балық аулау шегі белгілі, енді тек қолға қармақ алып өзен жағасына аттану ғана қалды. Дегенмен, ел заңнамаларын қаперде ұстаңыз. Заң талаптарын білу адамды бірінші кезекте жауапкершіліктен босатса, екіншіден, қалтаңыздағы қаржыны сақтаудың кепілі. Осы ретте біздің бұл мақаламыз, қармағын сайлап, қайығына отыруды ойлаған балықшының көк айдынға шықпас бұрын бір қарап өтетін нұсқаулығы болса құба-құп болар еді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ