"Біз ұмытылған ауылмыз" – Жоғарғы Тайынты ауылы тұрғындарының түйткілді мәселелері қашан шешіледі

1035
көрілім

Облыс орталығынан 80 шақырым жерде «Өскемен – Самар» тасжолының бойында көпшілік білетін Жоғарғы Тайынты деген ауыл бар. Қалба тауының жотасын жалғаған табиғаты тамаша мекен. Таң бозынан күлімдеп шыққан күні маңдайдан сүйгендей, қарағай-қайың аралас орман-таулары көкке тигендей болған сырты көрікті ауыл. Иә,  сырты көрікті дейміз ғой. Бірақ ішінде жөндейтін бүлік көп. Бұқара.кз сайтының тілшісі Тайынты ауылына арнайы барып тұрғындардың мәселелерімен танысып қайтты.

Табиғаты сұлу туристік аймақ дейді бұл ауылды. Бірақ сол туристерін ұялмай тұрып қарсы алатын шамасы бар ма екен десеңізші. Тайынтылықтарды толғандырады деген тақырыптарды қозғасаң түйінін таппас жіптей тарқатыла береді. Кеңес заманында ғана аузы аққа жарыған ауылдың бүгінде базары тарқап, тойы таусылғаны қашан. Редакциямызға хабарласқан ауыл халқы қандай да бір қарекет бола ма екен деп дәмелі.

Баяғы жартас, сол жартас
Көкейде жүрген күдіктің бірі көктем келіп, қар көбесі сөгілгенде тасыған өзеннің ағынына кетіп қалармыз ба деген алаңдары. Себебі әр көктем сайын ауыл адамдары судан өтуге қорқады. Жыл сайын салып береміз деген бұл құрылыстан тайынтылықтардың үміт үзгені қашан. Жоқ, салынбады емес салынған. Бірақ ескі көпірдің үстіне ұзынынан сала салған үш-төрт бетон тақталары аса ыңғайлы емес. Сол көпірді көктем келсе су басып, өзеннің арғы бетінде тұратын отбасылар балаларын мектепке апару үшін тасжолмен айналып әкелуге мәжбүр. Өздері де солай жетіп жүр.

Ауылдағы көпір

Бұл мәселе қанша жылдардан бері ауыл, аудан әкімінің жиналыстарында айтылса да «ертеңмен» елді күттіріп келгені қашан.
Тағы бір толғандыратыны ауызсу мәселесі. Әр үйдің жеке құдық қазуға жағдайы жоқ, бірақ ауыл ішінен бірнеше жерден тұщы судың көзі болса дейді.
- Ауыл халқы шағын. Адамдардың үйлері де біріне-бірі жақын орналасқан. Бірнеше үйге бір құдық артығымен жетіп тұр. Қазір ауылда бір-екі жерден ғана су алып отырмыз. Жазда өзеннен аламыз. Қиындығы көктем уақытында сезіледі. Өзен лайланғанда адамдарға бір-екі құдық аз. Сондықтан еріксіз бұлақ-бастаулардан тасуға тура келеді, - дейді ауыл тұрғыны Жанболат Амангелдіұлы.

Тұрғындар ауызсу алатын жалғыз құдық

Ауыл көшелерінде қазылмаған емес, қазылған екен. Бірақ екі-үш жерде бұрғылап құр орнын белгілеп кетеді. Жарамды деп жасалған құдық суларын адам тұрмақ мал ішпейді. Осыған байланысты Ұлан ауданы әкімдігіне хат жолдаған едік. Олардың айтуынша, жақын арада ауызсу мен көпір мәселесі шешімін табады.
- Жоғарғы Тайынты ауылында тұрғылықты халық саны 456 адам. Ауыл тұрғындарына өзен арқылы жүріп-тұруына көпір салуға жобалық сметалық құжаттама әзірленуге тапсырыс берілетін болады. Ауызсу бойынша, 2019 жылдың тамыз айынан Тарғын ауылына орталықтандырылған таза ауызсу жүйесінің құрылысы басталады. Екінші кезекте Жоғарғы Тайынты ауылы тұр, бүгінгі күні таза ауызсудың құбыры қазылып, судың сапасы, қоры тексеруден өткізілген. Қаржы бөлінген жағдайда орталықтандырылған су құбырын тарту Ұлан ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімімен 2020-2021 жылдарға жоспарлануда, - дейді Ұлан ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болатбек Мамарбаев.
«Алдағы уақытта құрылысы басталады» деді әкімдіктегілер. Тек біраз уақыт күту керек болып тұр...

Байланыс пен жарық жоқ
Бұл аз болса тағы қосарымыз бар. Уақыт өтіп жаһанданып, Қазақстан толыққанды цифрландыру заманына көшіп жатса да бұл ауылда осы күнге дейін ғаламтор желісі жоқ.  Ауыл адамдары қала-даламен ұялы телефон арқылы сөйлесу үшін «Билайн центр», «Актив центрлерге» барады. Олай дейтіндері осы телефон операторлары ауыл көшелерінің кей жерлерінде ғана аз-кем ұстайтындықтан ауыл жастары сол нүктелерге осындай ат қойған. Біреумен сөйлесу үшін де осы жерлерге барып «связьға шығып» қайтады екен.
- Ағымдағы жылдың ақпан айында Ұлан ауданы әкімінің аппараты «Қазақтелеком» Акционерлік қоғамының филиалы – шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директорына және Өскемен қаласының «Кар-Тел» ЖШС директорына хат жолданған. Нәтижесінде 2020 жылға дейін «Өскемен-Самар» тасжолындағы ауылдық елдімекендер ұялы байланыспен қамтамасыз етіледі, - дейді Ұлан ауданы әкімдігінің мамандары. «Востоктелеком» ЖШС 2021 жылдың соңына дейін Тайынты ауылына жылдамдығы 2 мбит/с кем емес кең жолақты қолжетімді ғаламтор орнатпақ. Бұйыртса екі жылдан соң тайынтылықтар ұялы байланыс желісіне қарқ болады деп сенеміз...
Бұл айтылғандар ауыл адамдарына аса қажет болып тұрған нәрселер.
Өзге ауылдардың жай-күйі тайынтылықтарға таңсық көрінеді. Ұлан ауданының айтулы жерлерінің бірі болса да ауылдың абаттандырылуы мен инфрақұрылымы жетім қыздың тойындай күй кешуде. Түгін тартсаң майы шығатын мекеннің «міне» деп көрсететін түгі жоқ. Қарапайым ауыл мектебінің өзі қаңырап қалудың аз-ақ алдында. Мешіт, мәдениет үйі дегендер тіптен арман. Жарық болсын деп орнатқан көше шамдарының өзі жарымай тұр.  
- Бейбітшілік, Өтеміс және Тұрғанбай көшелерін жарықтандыру бойынша қаражат бөлінбеу салдарынан жарықтандырылмаған, - деп мәлімдеді жауапты тұлғалар.
Облыс жұртшылығына белгілі «Шыбындыкөл», «Көктау» демалыс орындары қысы-жазы демалушылардан арылмайды. Көпшілік суға шомылып, саяхаттап қайту үшін аталған демалыс базаларына асығады. Осы ретте жету жолы қиындық туғызуда. Туристер тау жолының көлік пен адамға қолайсыз екенін айтады. «Шыбындыкөл» мен «Көктауға» да тасжол салынады деген ақпарат та тізесі шыққан әңгіменің бірі.

***
«Сырты – бүтін, іші - түтін» ауылдың сыйқы осы. Тайынтының табиғатын қанша мақтағанмен тынысы жайлы айта алмайсың. Кеңестік заман келмеске кеткен кезден бастап көз қиығы мүлде салынбады десе болады. Ауылдағы жұмыс орындарынан тек мектеп пен орман шаруашылығы ғана. Күнелтіп жүрген негізгі күн көрісі - мал асырау. Оның өзінде  жазғытұрым  ауыл малынан ауру шығып талайының қорасы қаңырап қалған еді.
Тайынтылықтардың ауыл атты тіреуі бір болған сияқты тілеуі де бір. Ол – тұрғындардың мұңы тыңдалып, ауылдың ажары кірсе дегендері. Әрдайым болашақтың еншісіне артып келе жатқан әкімдік мұны бейжай қалдырмаса екен дейді. Көптің көкейіндегі мәселе шешімін тапса екен деп үміттенеді.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ

Фотосуреттерді түсірген автор