Боксшыларымыздың жолдамаға деген ықыласы ерекше – Мырзағали Айтжанов

548
көрілім
ашық дереккөзден

 Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирге шәкірттерін бастап барған Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов жарыстың қалай өтіп жатқаны туралы айтып берді деп хабарлайды  Buqara.kz сайтының тілшісі

«Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Боксшыларымыздың жолдамаға деген ықыласы да ерекше. Қазір өздеріңіз көріп, біліп жатқандай алғашқы іріктеу сындарында жұдырықтасқан боксшыларымыз жарысты өте сәтті бастады. Қалған боксшыларымыз да жарысты осылай бастап, жолдамаға қолы жеткенше аянбай жұдырықтасуы керек», — деді бас бапкер.

Төрешілер жағынан бұра тарту болып жатқан жоқ па деген сұрағымызға: «Ондай бармақ басты, көз қысты әрекеттерді әлі кездестірген жоқпыз. Жарыс қазірге таза, әділ өтіп жатыр деп сеніммен айта аламын. Ондай бұра тарту болмай-ақ қойсын деп тілейік. Кім мықты, сол Олимпиада жолдамасын жеңіп алуға тілектеспіз», — деді бас бапкер. Сонымен қатар Айтжанов боксшыларға арналған қонақүй де өте жайлы екенін атап өтті.

«Жатқан қонақүйіміз де өте таза, ыңғайлы болды. Жарыс өтетін спорт сарайына 20-25 минутта жетеміз. Өздері алып барып, алып келеді. Жаттығатын жерімізде де барлық жағдай жасалған», — деді Айжанов.

Естеріңізге сала кетейік, лицензиялық турнирде 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынып жатыр. Былғары қолғап шеберлері ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдаманы сарапқа салады. 

Турнир 3 наурызда басталып, 12 наурызда мәресіне жетеді.