Көп ауыл сырт көзге өз тіршілігі өзінде, белгілі бір күйбең шеңберінде шаруасын дөңгелетіп жатқандай көрінеді. Солай-ақ та шығар, әйтсе де жергілікті билікке барып, көппен бөліспеген мәселелері қашан да сақтаулы. Жуырда Күршім ауданына қарасты Боран, Жиделі ауылдарынан қоңырау шалған тұрақты оқырмандарымыз Қарақия каналының жабылғанынан бастап, мазалап біткен маса-шіркей тақырыбын қайта қозғаған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Неше адам жұмыссыз?
Алғашқысы мейлі, бірақ екіншісін биыл, болмаса келесі жылы шешіліп қалады деу әсте әбестік. Көпшілік айтып жатқан «маусымдық мәселе» бірнеше ай ішінде белең алып, жел тұрып, күн суытса екпінін еңкейтеді. Дегенмен алдымен басқа да түйткілдерді тізбелеп шыққан жөн сияқты. Мәлім болғандай, Боран ауылдық округіне қарасты елдімекендерде жұмыссыздық әлі күнге дейін түпкілікті шешімін таппаған. Тұрғындар мұндай жайттың әр ауданда бар болғанмен, сол беті жалғаса бергенін жүйесіздік деп бағалады. Әрі қарай да осылай өрбісе шекаралық аудандардағы қара саны мүлде азайып кетеді деп алаңдаулы. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқовтың сөзінше, 33 адам жұмыссыздық бойынша тіркелген.
– Бұлардың ішінде жұмыспен қамтудың бірнеше қадамы жасалды. Атап айтсақ, 26 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, алты адам әлеуметтік жұмыс орнына, бір жас маман жастар практикасына жіберілді. Осылар жыл соңына қарай уақытша жұмыстар атқарады, – деді Ерлан Телманұлы.
Жастардың келуін күтуде
Осы аралықта 2021-25 жылдарға арналған кәсіпкерлік дамыту жөніндегі ұлттық жобасы және «Күміс жас» жобасына қатыстыруға болатынын айта кетейік. Ерлан Шораяқовтың айтуынша, осылар бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге уақытша жұмысқа орналаса алады.
– Сонымен қатар тау-кен орындарына, бос жұмыс орындары болған жағдайда жұмысқа тұра алады. Жоғарыда аталған бағдарламаларға тұрғындарды тарту арқылы аталған мәселені біржақты етуге болады, – деді жауапты тұлға.
Тұрғындар Боран ауылдық округіндегі амбулаторияға өтініш-шағымдарын білдірді. Жас мамандардың жоқтығы мен қызмет сапасының төмендігі ауылдастар арасында жиі айтылатын көрінеді. Сонау 1962 жылы салынған емхана да барлығы жеті маман жұмыс істейді. Бір дәрігер және алты медибике. Аудан басшылығы мәліметінше, қазірде мамандармен толықтай қамтылған. Қызметі сапасының төмендігін жұмысты орындау бойынша әкімшілік тарапынан Құрмет грамотасымен марапатталғандарды айтып жауап берді. Яғни, жыл көлемінде де, аудан әкімімен жолыққанда да арыз-шағым түспеген.
– Әзірге округімізден басқа жаққа қоныс аударғандар көп байқалмайды. Дей тұрғанмен қай саланы алсақ та жастардың іске кіріскенін әркез қолдаймыз. Мемлекеттік қызметтегілердің көпшілігі орта жастан асқандар. Жас мамандар келсе ауыл тірлігі басқа жағынан түрленер ме еді? – десті тұрғындар.
Бос жұмыс орны бар
Әйтсе де әкімдік мұны теріске шығарып, қайта аудан әкімдігінің аппаратында үш ваканттық орын бар екендігін жеткізді. Күні бүгінге дейін бос жұмыс орнының болуын жалақының төмендігімен байланыстырды. Айтылған мәселелердің шешімі бар болғанымен, етектен тартар екінші түйткілдер шығып жатыр. Облыс басшылығы тарапынан шекаралық аудандарға тиісті мөлшерде көңіл бөлмеушілік осы жерден байқалатындай. Белгілі болғандай, соңғы жылдары округке 20 жас маман келіп, тиісінше жұмысқа орналасқан.
Осы мәселеден жекелей құлағдар болған «Amanat» партиясының облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Алмас Айтмұқаш та мәселенің барын растап, Шығыстың шет жағындағы аудандар бірқатар ауылдарынан айырылып қала ма деп алаң білдірді.
Тұрғындар сынаған тыныштық
Боран ауылында 1966 жылы іргесі қаланған Мәдениет үйі бар. Кетеуі кетті деуге келмейді. Тек кейде қаңырап, әлдебір салтанатты шараның иісі сезілмейді дейді тұрғындар. Індет енді-енді екпінінен айырылып келе жатқанда бұл жағы да реттеліп қалар. Бірі қызметкерлер санының аз болуын (қазір мұнда төрт адам жұмыс істейді) жалақының мардымсыздығымен байланыстырды. Ерлан Шораяқов клуб меңгерушісі (166022 теңге) мен мамандардың (0,5 штаттық бірліктегі би маманы – 47394 теңге; 0,25 бірліктегі көркемдік жетекші – 30794 теңге және 0,5 штаттық бірліктегі еден жуушы – 39285 теңге) орташа жалақысымен бөлісіп, сандарды сөйлетті.
Қарақия қашан ашылады?
Енді шешімін тапқалы тұрған мәселеге қысқаша тоқаталайық. Қарақия каналы. Жалпы, ауылдағы барлық каналдар «ҚазСуШар» РМК балансында. Қазір жабық тұр. Ұзындығы 25 шақырымға жетеді. Әрі қарай да осылай жалғасса құрғақшылықтың көкесі сонда болады дейді борандықтар.
– Боран ауылдық округінің жерлерін сумен қамтамасыз ететін канал қыста қызыл су жүріп, көктемде болатын су тасқынының алдын алу мақсатында жабылды. Осы аптаның ішінде «ҚазСуШар» мамандарының жұмылдырылуымен қазіргі жағдайына тексеріс жүргізіліп, қайтадан ашылады, – деді аудан әкімдігіндегілер.
Ал маса-шіркейден келер машақат биыл да жалғасын табады. Әлбетте, табиғи құбылыс. Дегенмен жаз айларында дененің әр нүктесіне маза бермейтін қан сорғыш жәндіктерге қарсы аудандық ТҮКШ, Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер қаражат бөліп, тиісті шаралар жүргізіпті. Биылға жоспар мынадай: шағуға бейім жәндіктердің көп шоғырланатын жері анықталып, аталған бөлімге сызбасы жіберілген. Қазіргі уақытта мердігер анықталып жатқан көрінеді.
***
Бір ауылдың алты мәселесіне қатысты берілген жауап пен мәліметтер легі осындай. Күрмеуі қиын түйткілдер бар, шешімі табылуға жақын тұрғандары бар. Бәрі болмаса да бірнешеуінің іргесі сөгілсе борандықтар үшін серпіліс болатындай.
Әділхан ЕСІМХАНОВ