ІІМ ТЖК төрағасы Владимир Беккер жолға шығатын тұрғындарға ескерту жасады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
18 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Привольное ауылы маңында Өскемен-Семей бағытында жүретін «Мерседес-Спринтер» көлігі бұзылып қалып, 17 адам жақын маңдағы дәмханаға жеткізілген. Кейін барлық жолаушы басқа автобуспен сапарларын жалғастырды.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Қалыбай ауылына жақын жерде «ВАЗ» көлігі сынып, екі адам құтқарылған. Павлодар облысында Павлодар-Қызылорда жолында «Сетра» автобусы сынып, 45 адам жолда қалған. Жолаушылардың арасында Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан азаматтары да болған.
-Аяздың күшеюіне байланысты тұрғындарға ауа райының бұзылғаны туралы хабарлама таратылып, республикалық және облыстық маңыздағы жолдар жабылды. ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің күш-құралдары апаттық және құтқару жағдайларына сай келтірілді. Комитет өз тарапынан азаматтарға ауа райының жай-күйін, смс-хабарламаларды бақылап, күн бұзылған жағдайда алыс жолға шықпауға шақырады. Егер аяз немесе боран кезінде жолда қалып қойсаңыз, көлігіңіз жүрмей қалса – көлікте қалып, «112» нөміріне хабарласқаныңыз абзал. Сол секілді алыс ауылдарда тұратын азаматтар да әдетте жаяу жүретін шалғайлау жерге шығып кетпеуі керек. Ондай жағдайда да 112 нөміріне хабарласуға болады. 112 – құтқару қызметінің бірыңғай нөмірі. Оған шығу үшін сим-картаның немесе баланстың қажеті жоқ, - деді елордада өткен баспасөз мәслихатында Владимир Беккер.