Бородулиха ауданында жетімдерге тәттілер берілді

526
көрілім

Аудандағы Жаңа Шүлбі ауылында «Нұрын Баба» мешітінің бас имамы қолға алып, жауапты тұлғалардың қолдауымен жетім балаларға торттар берілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ата-анасының жылуын сезінбей, аялы алақаннан шет қалған балаларға бір сәт назар аударып, қуаныш сыйлау үшін ауқымды істер атқарып, жұртшылық назарын аудару әсте маңызды емес. Бір мезет көңіл бөліп, шын ықыласпен берілген шағын сыйлықтардың өзі ет жақындарының қамқорлығын көрмеген бүлдіршіндердің төбесін көкке екі елі жеткізбейтінбей.

Бұл ойымызды салмақтай түскен «Нұрын Баба» мешітінің бас имамы Слямкан Алимханулы да осындай шаралардың жиі өткізіліп тұруын құптап, жылда белсенділік танытып келеді. Айтуынша, Мәуліт айында сауапты істер үнемі жалғасын табады.
– Жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне 12 келі торт апарып табыс еттік. Осындай шараны жылда ұйымдастырамыз. Алайда биылғы індетке байланысты бұл жағы онлайн түрде іске асырылды. Мереке күндері құрбандық шалып, ет үлестіреміз. «Кім жетім баланың басынан сипап, алақаны қанша шашты қамтыса соншалық істеген күнәсі кешіріледі дегендей», мешіт атынан, халық атынан игілікті істер жасасақ, сауабы мол, – деді бас имам.


Жетімдерге тәттілер үлестіру өткен жылдың қарашасында, яғни Мәуліт айында болған. Бұдан бөлек, тұрғындардан түскен садақа толықтай Жетімдер үйіне аударылатындығын айта кеткен жөн. Жұрт болып, ауыл болып, кейбір атымтай жомарттардың қолдауымен қамқорлыққа зәру бүлдіршіндерге барынша мейірімдерін төгіп келеді.


Сондай-ақ бүгін мешіт атынан көмекке мұқтаж үш отбасыға азық-түлік жеткізілді. Бас имам басы-қасында жүріп, ұн, май, сүт, макарон өнімдерін, қант-кәмпитті молынан үлестірді.