Бородулиха ауданының аумағында орын алған жол апатынан 65 жастағы ер адам мерт болды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Жол апаты кеше 20 қаңтар күні болды.
- «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі Бородулиха ауылынан Ивановка ауылына қарай келе жатып рөлге ие бола алмай қарсы бағытқа шығып кетіп, 22 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Volkswagen Golf жеңіл автокөлігімен соқтығысқан, - дейді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі. - 65 жастағы жүргізуші алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
«ВАЗ» автокөлігінде болған 31 жастағы жолаушы Бородулиха аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Сонымен қоса Volkswagen Golf автокөлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушы да дереу ауруханаға жеткізілді.
- Жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық Кодекстің 345-бабы 3-бөлігіне (абайсызда адам өміріне әкеп соққан іс-әрекет) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп қосты баспасөз қызметі.