Шемонаиха қаласында осыдан төрт ай бұрын қанды оқиға болып, соққының астында қалған ер адам сол жерде көз жұмды. Бірақ ажал құшқан ер адамның анасы Галина Смородина ұлын өлімші етіп сабағандардың әлі жазасын алмай жүргендерін жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Ешқандай процессуалдық шешім шығарылмады»
Бауыр еті баласын жер қойнауына тапсырғалы төрт айдан асқан. Содан бері қадағалау, құқық қорғау органдарының есігін үздіксіз қағып, ақиқаттың шымылдығын аша алмай келеді. Дәлірек айтсақ, қайғылы оқиға тамыз айының 16-сы күні болған. Бес адам жабылып жүріп, Сергей Смородинді тепкінің астына алады. Себебі түсініксіз. Жақындары бұл жайлы ашып айтпады. Анығы сол, ұрып-соғу аяқталған соң ер адам екі күн бойы ажалмен арпалысып, тамыз айының 18-і күні жан тапсырады. Анасы баласын аяусыз соққыға жыққан бес адамды тізбелеп те берді.
– Қатты соққыдан есін жия алмады. Осы оқиғада Лебеденко, Богданович, Смақов, Крутов және Шульневтің қолтаңбасы жатыр. Адвокатымның сөзінше, алдын ала тергеудің бірінші кезеңіне сәйкес осы аталған адамдар кінәсін мойындаған. Бірақ олардың ісіне қатысты ешқандай процессуалдық шешім шығарылмады, – деді Галина Александровна.
Марқұмның әпкесі Полина Смородина тепкінің астында қалған бауыры ауыр халде жатқанда «Өтінемін, тек өмір сүрші» деп бейнежазба қалдырған. Ал марқұмның анасы ел президенті мен прокуратураға жолдау жасады.
– Аудандық полиция бөлімі мен прокуратура өкілдері әрекетсіз. Еліміздің Қылмыстық кодесіне сәйкес бір де бірі жауапкершілікке тартылмады. Ал ұлымның ажал құшуына себепші болғандар кешірім де сұрамастан, бостандықта тайраңдап жүр. Президент мырза, ұлымның өліміне қатысты қылмыстық істің объективті түрде зерттелуін қадағалауыңызды сұраймын, – деген Галина Александровна Бас Прокуратураға істі өз бақылауына алуына өтініш білдірді.
Күдіктілердің бірі қолға түсіпті
Аталған мәселе бойынша ШҚО Полиция департаментіндегілердің пікірін білдік. Олардың сөзінше, Шемонаиха аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық Кодекстің 106-бабы, 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
– Кәнілер анықталды. Сот сараптамаларының нәтижесі шығып, 1996 жылы туған күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс төңірегінде дәлелелдерді тіркеу бойынша тиісті тергеу шаралары жүргізілуде, – деді құқық қорғау органының өкілдері.
Осы ретте Полина Смородина облыстық Полиция департаментіне Шемонаиха аудандық ауруханасын тексеруді өтінді. Себебі ондағы ақ халаттылар дене жарақаттарымен түскен ер адам туралы тәртіп сақшыларына тек екі күннен соң ғана хабарлаған көрінеді.
– Халі мүшкіл кезінде дәрігерлер «бас сүйегінің ісігі, бұрыннан қалыптасқан маскүнемдік» сияқты диагноздар қойып, «ауруханаға әкелінгенде ащы су ұрттап алған» деді. Бірақ та сот медициналық сараптамасы кезінде қан құрамынан этил спирті табылмады, – деді әпкесі.
Мәлім болғандай, Сергей Смородиннің туысқандары тамыз айының 18-і күні аудандық ішкі істер бөліміне жақынын ұрып кетті деп шағымдануға барған, ол уақытта бесеудің тепкісінде қалған азамат бақилық болып кеткен.